Торы (ру)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Торықыпшақ бетінен бағытталды)
Навигацияға өту Іздеуге өту

Торы, ТорықыпшақОрта жүз қыпшақ тайпасының тармағы, “бес таңбалы Қыпшақ” аталатын ру-тайпалық одақтың бір бөлігінің аты. Шежірелерде Ұзын, Торы, Қарабалық, Бұлтың, Көлденең руларын топтастыруда бірізділік жоқ. Торы бір нұсқада Қарақыпшақтан таратылатын болса, енді біреуінде Қарамергеннен (Қарадөңнен) өрбітіледі. Бұл жағдай Торының түп-төркіні тереңіректе, әріректе жатқанын аңғартады.

10 ғасырда өмір сүрген Византия императоры Константин Багрянородный еңбегінде венгр, печенег және уз тайпалары туралы айтылады. Уз тайпасы орыс жылнамаларында және соларға сүйеніп жазылған П.В. Голубовский, Н.А. Аристов, С.А. Плетнева, Н.А. Баскаков, А.М. Хазанов зерттеулерінде, көбінесе торки делінеді. Аристов бұл жұртты 12 ғасырда тарих бетінен өшіп кетті деп санайды. Дегенмен, тіл және тарих деректеріне жітірек үңілсек, 10 – 11 ғасырлардағы торық тайпасы мен қазіргі қыпшақтың торы руы бір ел екеніне, тек этноним тұлғасының аздап өзгергеніне көз жеткізуге болады. Бұл өзгеріс – оғыз, қыпшақ тілдеріне тән құбылыс. Оларда 11–14 ғасырлар арасында бірқатар сөздердің ортасы мен аяғындағы қ, к, ғ, г дыбыстарын түсіріп сөйлеу заңдылығы болған. Мәселен, “Ұлық болсаң – кішік бол”, “Қостың кішігі болғанша – иттің күшігі бол” дейтін нүсқаларда сақталған “ұлық”, “кішік” сөздерінің қазіргі қазақ тілінде “ұлы”, “кіші” болып, сол сияқты “құмған”, “кигіз”, “бігіз” лексемаларының “құман”, “киіз”, “біз” болып айтылатыны осы лингвист. заңдылыққа байланысты. Демек, моңғол шапқыншылығына дейінгі тарихта қатар аталатын уз, торық тайпалары Алтын Орда ыдырағаннан кейін ұзын, Торы деген есіммен қазақ халқын құрауға қатынасқаны байқалады. Хазанов торықтардың бір бөлігі 11 ғасырда қыпшақтарға бағынғанын және бара-бара оларға сіңісіп кеткенін жазады. 9–11 ғасырларда оғыз бірлестігіне кірген торықтар көне заманда қай тайпасымен де одақ болған. Мұны қазіргі Торғай өз-нің атынан да көруге болады.

Шежіре бойынша торыдан қитаба, түйішке, көкмұрын, шашты тарайды. Китабадан еділ, бигелді, шоғал, бессары, қара, қайыпберлі, қосай, сартымақ; түйішкеден: ыстыбай, жетім, дәулетбике, мырзабек (көрпе), қойбақ, баянтаңат, назарымбет, женет; шаштыдан шағыр, шегір, байсары, малай, құтым, айдарғазы, бошай; көкмұрыннан қарамойын, лақ (қалғандары беймәлім) аталары өрбиді делінеді. Торыдан таратылып жүрген аталардың ішінде эндогамиялық және экзогамиялық бірлестіктердің бар екенін де ескеру қажет. Қазан төңкерісіне дейін Торы жұрты Торғай, Қабырға, Жыланшық, Сырдария өзендерінің бойын мекендеген. “Әліп таңба Қыпшақтың атағы озған алаштан” (“Қобыланды батыр” жырынан) және “Ой байласам – құдай жоқ, Ой бастасам – Қыпшақ жоқ” деген нақылдардан бұлардың таңбасы әліп – Қ, ұраны – Ойбас екені байқалады.[1]

Y-ДНК анализі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Көкмұрын (N=1) тармағының Y-ДНК гаплогруппасы О3 (N=1). Тағы бір торы қыпшақ R1b1a2 (N=1)[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Ә.Байжұманұлы, К.Бекболатұлы. Мал шаруашылығы сөздігі. Алматы-2011. ISBN 978-601-7254-21-6
  2. http://forum-eurasica.ru/index.php?/topic/4383-kazakhskij-dnk-proekt/page-43

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том.