Ханттар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Ханттар
Бүкіл халықтың саны

31 500 адам

Ең көп таралған аймақтар
 Ресей

30 943 (2010), 28 678 (2002)

 Қазақстан

429 (2009 ж.)

 Украина

100 (2001)

Тілдері

ханты тілі

Діні

шаманизм, православие

Ханттар, хантэлерРесей Федерациясындағы халық. Об, Ертіс өзендері алаптарында, Ханты — Манси мен Ямало-Ненец, Томь облысы аумақтарында тұрады. Солтүстік, оңтүстік және шығыс болып 3 этнографиялық топқа бөлінеді. Жалпы саны 29 мың адам (2002).

Антропологиялық жағынан оралдық өтпелі нәсілге жатады. Финн-угор тобындағы ханты тілінде сөйлейді. Жазуы кириллицаға негізделген. Тілі мен шығу тегі жағынан мансилар мен венгрлерге жақын. Ханты тілінің жазуы КСРО-да тілдік жүйені құру кезеңінде құрылды: алдымен латын графикасы негізінде (1930) болып, содан кейін 1937 жылы орыс (кириллица) графикалық негізіне ауыстырылды. Ханты тілінің екі негізгі диалектісі бар: батыс және шығыс, олар өз кезегінде сөйленістерге бөлінеді.[1]

17 — 18 ғасырлардан бастап православие дінін қабылдаған. Бірақ ұзақ уақыттарға дейін дәстүрлі наным-сенімдері (бақсылық, ата-баба аруағына табыну, хайуанаттар культі) сақталып келді. Көптеген басқа халықтар сияқты, хантылар да христиандандыруға мәжбүр болды. Оның алдында діни нанымдарды анимизм, шаманизм болды. Әсіресе күшті христиандандыру оңтүстік этникалық топқа әсер етті, өйткені олар орыс қоныстанушыларының ықпалында болды. Солтүстік және шығыс Ханты әлі күнге дейін бастапқы наным жүйесін ұстанады.

Хантылар

Солтүстік Хантылар ненец, шығыс Хантылар селькуп, оңтүстік Хантылар орыс пен татар секілді халықтардың мәдени ықпалына түскен. Қазіргі таңда ассимиляцияға ұшырап, ұлттық мәдениетін жоғалта бастаған. Өз тілдеріндегі халық атауы “адам” деген мағына береді. Ғалымдардың пікірінше Хантылар этносының қалыптасуы біздің заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдықта басталған. Мұнда Батыс Сібір мен Солтүстік Қазақстаннан келген угор тайпалары жергілікті тұрғындармен араласып, Хантылардың этнографиялық негізін қалыптастырған. Орыс деректерінде Хантылар 11 ғасырда югра, 14 ғасырда остяк атауымен белгілі.

Хантылардың негізгі кәсібі – балық аулау, аңшылық, мал шаруашылығы. Балық шаруашылығы белгілі бір топтың локализациясына байланысты аздап ерекшеленеді. Солтүстік топтарға ит өсіру, бұғы өсіру, балық аулау кеңінен дамыған. Оңтүстік аймақтарда мал шаруашылығы, көкөніс өсіру, егіншілік кеңінен таралған. Хантылардың дәстүрлі қолөнер түрлері: сүйекке, ағашқа ою-өрнек жасау, қайың қабығынан жасалған бұйымдарды өндіру, шөптен, қамыстан, шыбықтардан тоқу, ұсталық қолөнер жұмыстары. Оңтүстік хантылар тоқымашылықпен айналысқан.

Жартылай отырықшы өмір салтына байланысты хантылар үйлердің 2 түрінде мекен етті: тұрақты және уақытша баспаналар. Қысқы киіз үйлер тұрақты болды, басқа маусымдарда жеңіл тасымалданатын киіз үйлер пайдаланылды. Олар әртүрлі пішінде жасалған: конустық, жарты шар тәрізді, көпбұрышты т.б.. Ең қарапайым баспана конустық пішінді чум болды.

«Бұғы өсірушілер» күнін мерекелеу

Хантылар құрамындағы тайпаның бірі ата-бабасын аюдан жаралған деп есептейді. Соған орай Хантыларда аюға арналған мейрам өткізіледі. Батырлық әңгімелерге, аңыздарға, әндерге негізделген бай фольклоры сақталған.

Хантылар киім жасау үшін негізінен жануарлардың (бұғы, ит, жабайы аң) терісін пайдаланды. Оңтүстік аймақтарда зығыр мен кендір өсірілді, олардан тоқыма, көйлек, шалбар тігілді. Әйелдер жағалары жиырылған, тік кесілген көйлектер киді. Солтүстік хантылары тоқымашылықты білмеген, олар киімнің ең көне түрі балық терісінен өңделген киімдерді киді. Олар аяқтарына жылы тоқылған жүн шұлықтар киіп, сыртынан бұғы немесе ит терісінен жасалған етік (унты) киді.

Хантылықтардың негізгі тағамы жабайы аңдар мен бұғы еті болған. Етті қайнатып, пісіріп, кептіріп, тұздап, шикі жеген. Орыстармен араласқаннан кейін хантылар арасында нан жеу дәстүрі тарады. Олар нанды әртүрлі тәсілдермен, оны уылдырықпен, бұғы қанымен де пісіреді. Деликатес тағамы – балық майымен дәмделген, жидектермен араласқан қызыл балық филесі.[2]

Қазақстандағы хантылар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстанның ханты диаспорасы санының жалпы динамикасы мынадай:

  • 35 (1970 ж.),
  • 49 (1979 ж.),
  • 53 (1989 ж.),
  • 24 (1999 ж.),
  • 429 (2009 ж.) адам.[3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Э.Д. Сүлейменова, Д.Х.Ақанова, Н.Ж.Шаймерденова «Қазақстан тілдері: әлеуметтік лингвистика анықтамалығы»: Кітап.–Алматы: «Издательство Золотая Книга» ЖШС, 2020 ж. 197-бет.
  2. Жанна Галактионова. Ханты — мужественные жители Севера https://travelask.ru/articles/2697-hanty-muzhestvennye-zhiteli-severa
  3. Қазақстан халқы. Энциклопедия. /Бас.ред. Ж.Н.Тойбаева. /Құраст.Ғ.Жандыбаев., Г.Егеубаева.-Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2016. 429-бет ISBN 978-601-7472-88-7