Құйрықты қосмекенділер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Құйрықты қосмекенділер (лат. Caudata немесе лат. Urodela) – қосмекенділердің бір отряды, олардың ең қарапайым тобы.


Құйрықты қосмекенділердің қазіргі кезде 500-ге жуық түрі кездеседі. Құйрықты қосмекенділер 5 отряд тармағына және 8 тұқымдасқа топтастырылған. Денесінің ұзындығы 4 см-ден 160 см-ге дейін жетеді, салм. 10 г-нан 30 кг.[1] Денесінде балық құрылысының кейбір белгілері сақталған, аяқтары қысқа, құйрығы ұзын болып келеді. Олардың бұрынғы КСРО-да -11, Қазақстанда 3 түрі тіршілік етеді. (Жақсыз тұқымдас құйрықты қосмекенділердің артқы екі аяғы болмайды. ) бұлар- көбінесе сырттай, кейбір түрлері іштей ұрықтанады. Көпшілігінің тіршілігі сумен тікелей байланысты. Құйрықты қосмекенділердің 19 түрі ХТҚО-ның, 6 түрі бұрынғы КСРО-ның және 1 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген.

Қазақстанда кәдімгі тритон, сібірлік бұрыштіс және жетісу бақатісі мекендейді. Кәдімгі тритонды Жайық өзенінің алқабы мен Арал өңірінің солтүстігіндегі шағын суқоймалардан кездестіруге болады. Көктем мен жаз айларында тоқтау суларда тіршілік етеді. Кәдімгі тритондар наурыз-мамыр айларында көбеюге кіріседі. Көбею кезеңінде аталық тритон аталықбез өнімдерін арнайы қапшыққа құйып, су астындағы нәрселерге жабыстырады, ал аналық тритондар оны клоакасымен қарпып алады. Аналық тритон іштей ұрықтанған 600-700 600-700 уылдырықты жеке-жеке өсімдік жапырағына орналастырады. Уылдырықтан 14-20 күнде тұрқы 6,5 мм дернәсіл пайда болады. Дернәсілдің құйрығын жүзбеқанат қатпаршағы жиектейді, қауырсын тәрізді сыртқы желбезек көзге шалынады. Дернәсілдің алдыңғы аяғы бірінші күні айқын байқалады, ал артқы аяқтары 20-күні пайда болады. 60-70күнде дернәсілдік кезең аяқталады, желбезегі және жүзбеқанаттың қатпаршағы жойылып, дернәсіл құрлыққа шығады,2-3 жылдан соң көбеюге қатысып, ұрпағын дамытады. Кәдімгі тритон маса дернәсілдерін жеп, көп пайда келтіреді. Кәдімгі тритон саламандра тұқымдасына жатады.

Сібірлік бұрыштіс пен жетісулық бақатіс-бұрыштіс тұқымдас қосмекенділер. Сібірлік бұрыштістер Қазақстанның солтүстік аймағындағы батпақты, көлді және шалғынды жерлерде мекендейді, ал жетісулық бақатіс Жоңғар Алатауының батыс бөлігінде кездеседі. Жетісулық бақатіс ХТҚО-ның, бұрынғы КСРО-ның және Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Ұлттық Энциклопедиясы
  2. Қ.Қайым,Б.Муханов,Р.Сәтімбекұлы,М.Шаймарданқызы, "Жануартану"(1998), 159б., ISBN 5-625-03599-7