Қоңырат ауданы (Қарағанды облысы)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Қоңырат ауданы
Әкімшілігі
Ел

 Қазақ КСР

Кіреді

Алматы облысы, Қарқаралы округі, Қарағанды облысы

Әкімшілік орталығы

Ақтоғай

Тарихы мен географиясы
Құрылған уақыты

1930—1963

Қоңырат ауданы - 1930-1963 жылдары болған Қарқаралы округі, Алматы және Қарағанды облыстарындағы әкімшілік-аумақтық бірлік. Орталығы - Ақтоғай ауылы.

Тоқырауын ауданының орталығы 1930 жылы Қарамойынға көшіріліп «Басшы» деп аталды. Қарамойындағы Ақатай, Қанафия, Құсайын бұрын салдырған қызыл үй - кеңсе, Ақ үй - мектеп болды. Басқару жүйесі Қоңырат руднигінің әкімшілігіне біріктірілгендігінен де «Қоңырат ауданы» деген ат берілді.

1931 жылы Қоңырат ауданында 5776 үй болса, қасіретті аштық нәубатынан кейін 1932 жылы 3678-і ғана қалған.

1932 жылы құрамында 21 аудан бар Алматы облысы жаңадан құрылып, Қоңырат ауданы таратылған Қарқаралы округінен алынып, Алматы облысының құрамына енгізілген.

1934 жылы Орталық комитеттің шешіміне сәйкес Қарқаралы округі қайыра құрылып, Қоңырат ауданы, Алматы облысынан алынып Қарқаралы округіне қосылған.

1935 жылы Аудан Қазақстанның 15 жылдығында Республиканың ауыспалы «Қызыл туын» жеңіп алған.

1936 жылы 29 шілдеде Қарқаралы округі таратылып, оның аудандары жаңадан құрылған Қарағанды облысының құрамына берілген Қоңырат ауданы да сол 1936 жылдан бастап бүгінгі Қарағанды облысының әкімшілік құрылымына енгізілген. Сол кезде оның құрамына келесі ауылдық кеңестері кірді: Ақтоғай, Дуаншы, Жәмші, Қарабұлақ, Қаратал, Қашқан, Кеңелік, Кіндікті, Қусақ, Майтас, Сарытерек және Тасарал.

1937-38 жылдары Қоңырат ауданынан 234 адам халық жауы деп жазықсыз айып тағылып, Репрессияға ұшыраған. Олардың 36-сы ату жазасына кесілген.

1938 жылы Орта Азия Соғыс округіне жасаған көмегі үшін Қашағанов Сыздыққа «Құрмет белгісі» ордені табыс етілді. Бұл Қоңырат ауданы бойынша ең алғашқы берілген орден болатын.

1940 жылы Қоңырат ауданына Қарқаралы ауданынан 4 ұжымшар Кеңасу, Жұмыскер, Мәдениет, Қызылжар, Шет ауданынан 3 ұжымшар Қанаттас, Қорғантас, Жәмші қосылып үлкен мал шаруашылықты ауданға айналды.

1941 жылы аудан бойынша 24 тауарлы ферма ұйымдастырылған.

1941 жылы Қоңырат ауданынан 2449 адам майданға аттанған. 1089 адам қаза тауып, хабарсыз кеткен, 1360 адам елге аман оралған. Ұлы Отан соғысында «218» адам ордендермен марапатталған. Қазақстанның 170 ауданы бойынша Совет Одағының Батыры атағын алған 99 қазақтың екеуі Ақтоғайлық болды.

1942 жылы Қоңырат ауданына ССР Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл туы мәңгілікке сақтауға берілген.

1951 жылы ауданның 35 колхозы 11 колхоз болып қайыра ұйымдастырылып, 14 ауылдық кеңестер 11 ауылдық кеңес болып ірілендірілді. Ауданда қой басы 138448-ге, жылқы 7640-қа, сиыр 12423 басқа өсті.

1962 жылы ауыл шаруашылығына жасалған өзгеріс кезінде Қоңырат ауданы Қарқаралы территориялық өндірістік басқармасына қаратылды. Осы жылы Шет, Қоңырат аудандары біріктіріліп, Ақтоғай ауданы деп аталды,орталығы Ақтоғай ауылы болып бекітілді.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Ақтоғай кеше және бүгін Мұрағатталған 29 желтоқсанның 2016 жылы.