Қоқан-Ресей соғысы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Қоқан-Ресей соғысы
Негізгі қақтығыс: Ресей империясының Орта Азиялық иеліктері
Генерал Черняевтың Ташкентті басып алуы
Генерал Черняевтың Ташкентті басып алуы
Дата

1850—1868

Орын

Орта Азия (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан)

Нәтиже

Ресейдің жеңісі

Аумақтық
өзгерістер

Қоқан хандығы Ресейдің вассалына айналды;
Ташкент және Оңтүстік Қазақстан Ресей империясына қосылды

Қарсыластар

Ресей империясы Ресей империясы
Ресейшіл қырғыздар мен қазақтар

Қоқан хандығы
Қырғыз хандығы

Қолбасшылары

Ресей империясы И. Ф. Бларамберг
Ресей империясы А. И. Макшеев
Ресей империясы К. П. Кауфман
Ресей империясы В. А. Перовский
Ресей империясы М. Г. Черняев
Тезек сұлтан
Сұраншы батыр
Зарыпбек сұлтан
Жантай батыр
Байтік батыр

Малла хан
Мыңбай
Құдаяр хан
Әлімқұл
Жақыпбек
Сыздық сұлтан
Үмітәлі батыр
Балбай батыр
Дуарәлі батыр
Саурық батыр
Сабатыр молда

Қоқан-Ресей соғысы — бір жағынан Ресей және екінші жағынан Қоқан хандығының Орта Азияға ықпал ету мақсатындағы қақтығыстар тізбегі.

Қақтығыс Ресейдің жеңісімен, Жетісудағы және Сырдария жағасындағы ұлан-ғайыр аймақтарды өзіне қосып алумен аяқталды. Қоқан хандығы және онымен одақтас Бұхара әмірлігі әлсіреп, Ресейдің протектораттарына айналды.

Орыс мемлекетінің Орта Азия мемлекеттерімен алғашқы байланыстары XVI ғасырдан басталады: 1589 жылы Бұхара ханы Мәскеумен достыққа ұмтылып, онымен сауда қатынасын орнатқысы келді. XVII-XVIII ғасырларда Ресей Сібір кеңістігін игерумен айналысып, оның азиялық шекараларына енді ғана көз жүгіртіп, далада қаза тапқан екі жасақтың жорықтарын: 1602 жылы Хиуаға беттеген Нешай ханның және 1605 жылы атаман Шамайдың Жайық казактары қоспағанда қазақ даласы бағытында тек қана қорғаныс іс-әрекеттерін жүргізді.

Оралда көшпелілердің шабуылынан қорғану үшін Оралдан Гурьевке дейін орталығы Орынборда орналасқан Жайық өзенінің бойындағы алдыңғы шеп бекіністерімен шекара шебі құрылды, Орынбор бекінісі ұзақ уақыт бойы бүкіл аймақта орыс әскерлерінің негізгі операциялық базасы болды. Өз азаматтарын және жаңа «адал бағыныштыларды» қорғау үшін, сондай-ақ Ресей билігіне опасыздық жасағандарды және кейіннен Ресейге опасыздықпен қарсы шыққандарға қосылғандарды жазалау үшін далаға тұрақты түрде жасақтар жіберілді, жаңа қоныстар, шекаралық бекіністер, редандар, қорғандар және т.б. салынды. Осындай жылжымалы бекініс желілерінің көмегімен өз шекараларында тыныштық пен бейбітшілікті көздеуде Ресей далаға тереңдей жылжыды. Соған қарамастан қазақтар мен түрікмендердің бір ғасыр бойына шапқыншылықтары мен тонаулары тоқтаған жоқ. Жылына шекаралас аймақтардан екі жүзге жуық орыс тұрғындары тұтқынға алынып, Хиуа, Бұхара, Қоқан базарларында сатылды, тіпті әскерилер де бейбіт тұрғындармен бірге құлдыққа сатылды, бұған мысал ретінде сержант Филипп Ефремовтың 1774 жылы ұрланып, одан кейінгі құтқару және 1782 жылы отанына оралу оқиғасы келтіріледі.

Алғашқы қақтығыс

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

XIX ғасырда Орталық Азия тарихқа «Ұлы ойын» деген атпен енген Британ мен Ресей империяларының геосаяси бәсекелестік аренасына айналды. Оңтүстік шекараларын қорғау және Таяу Шығыс пен Орта Азияда саяси ықпал ету плацдармын жасау үшін Түркістанға орыстың желілік (шекаралық) батальондары жіберілді[1]. 1850 жылы осындай екі орыс жасағы Қоқан хандығының аумағына кірді. Капитан Карл Гутковский басқарған бір жасақ (50 жаяу әскер және 2 зеңбірегі бар 175 Сібір казактары) 4 сәуірде Қоқан бекінісінің Таушыбек (қазіргі Қаскелең қаласы маңы, Жетісу) бағытында Қапал станциясынан Іле өзеніне қарай жылжи бастады, 19 сәуірде белгіленген жерге жетті. Алайда, далалықтардың арасынан шыққан жолсеріктердің сатқындығынан бұл жасақ Аққұлла басқарған қоқандықтардың басым әскерлерінің шабуылына ұшырап, шегінуге мәжбүр болды[2]. Берілген тапсырманы орындай алмаған бұл экспедицияда бір адам қаза тауып, тоғыз адам жарақанды. Майор Энгманның тағы бір жасағы (бір рота, бір казак жүздік және бір зеңбірек) Райым бекінісінен (Сырдарияның сағасы) шығып, Қоқан жұртын таратып, Қашқорған бекінісін шайқаспен алды.

1851 жылы полковник Иван Карбашевтың жасағы (бес рота, бес жүздік, алты атты зеңбірек және бір зымыран білдік) одақтас қазақтардың қолдауымен тағы да Іле өзенінен өтіп, Таушыбек бекінісіне жақындады. Қоқан гарнизоны ұрысқа қатыспай Бішкекке шегінді. Қаңырап қалған Таушыбек бекінісі толығымен қирап қалды. Таушыбек бекінісінің алынуы Қоқанның Жетісудағы ықпалын әлсіретіп, қазақтар мен қырғыздарға үлкен әсер қалдырып, 25 шілдеде Қытаймен тиімді Құлжа келісіміне қол қоюға ықпал етті.

Ақмешіт шайқасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Толық мақаласы: Ақмешітті басып алу

Ресей әдеттегі шекаралық соғысын жалғастырып, Орынбордан және Сібірден далаға жасақтан жасақ жіберіп, жабайы қарақшылардың топтарын қуып, олардың артынан бірте-бірте Орта Азияға қарай жылжи берді[3].

1852 жылы жаңа Орынбор губернаторы Перовскийдің бастамасымен полковник Бларамберг 500 адамдық жасақпен нығайтылған Қоқан шекара бекеттері Қамысқорған, Шымқорған және Қосқорғанды талқандады; Ақмешітке шабуыл жасады, бірақ оларды кері айдап салды.

1853 жылы Перовский жеке экспедициялық жасақпен Ақмешітке қарай беттеді, онда 3 зеңбірегі бар 300 қоқандық болды. Жорыққа барлығы 2350-ге жуық солдаттар мен офицерлер және барлаушы болып, сонымен қатар, атпен жүк тасыған 500-дей қазақ шықты. Ақмешітке жасақ төрт эшалонға бөлініп жүрді: біріншісі — полковник М.Е.Марктың басшылығымен (2 жүз казак, 3 зеңбірек, ракеталық және гальваникалық топтар); екіншісі — генерал-майор И. В. Подуров (жаяу әскер ротасы, 1,5 жүз казак); үшінші — подполковник Ионея (құрамы екіншіге ұқсас); төртіншісі — әскери старшина Филатов (2 жүз казак, 2 зеңбірек және арбалы керуен).

Қатты аптап ыстықта 24 күнде жасақпен 900 шақырымдай жол жүріп, хиуалықтардың бірнеше шабуылына тойтарыс берген жетекші эшелондар 1853 жылы 3 шілдеде берік деп саналатын Ақмешіттің дуалдарына келді. Соңғы эшелондар екі күннен кейін жетті. Сол кезде, 5 шілдеде Сырдария бойымен лейтенант А.И.Бутаков бастаған зеңбірекпен қаруланған «Перовский» пароходы келді. Қоршау жұмыстарына жетекшілік ету император Петербургтен арнайы жіберген генерал-майор С.А.Хрулевке тапсырылып, жалпы қолбасшылықты В.Л. Перовскийдің өзі атқарды. Ол комендантқа бекіністі тапсыру туралы ұсыныс жіберді, бірақ қоқандықтар бітімшілерді оқпен қарсы алды, сондықтан олар келіссөздерден бас тартып, оны шайқаспен алуға мәжбүр болды. Ақмешіттің биік дуалдары мен гарнизоны әсерлі күш болғаны соншалықты, тіпті, жасақ артиллериясының калибрі де, қолда бар снарядтар да қалыңдығы 8 метрлік қабырғаны тесуге мүмкіндік бермеді, сондықтан алдымен қабырғалардың бір бөлігін жару туралы шешім қабылданды. Қоршау жұмыстары жүргізілді, содан кейін 27 шілдеде жарылыстан қабырғалар қирағаннан кейін таңғы сағат 3-те шабуыл жасалып, таңғы сағат 4.30-да бекініс алынды. Шабуыл кезінде Ақмешіт коменданты Мұхамед Уәлибек қаза тауып, қоқандықтар қирандыларды, содан кейін қабырғалар мен мұнараларды үмітсіз қорғағаннан соң, берілуге ​​мәжбүр болды. Ақмешіт Форт-Перовский болып өзгертілді. Сол 1853 жылы қоқандықтар екі рет Ақмешітті қайтарып алуға әрекеттенді, бірақ 24 тамызда әскери старшина Бородин 275 адам және 3 зеңбіректен тұратын жасақпен 7 мыңдық қоқандықты Құмсуатта шашыратып жіберді. 14 желтоқсанда майор Шкуп 4 зеңбірегі бар 550 адамдық жасақпен мыңбасы Қасым бек басқарған 13 мыңдық қоқандық әскерді қарсы алуға шығып, тосыннан лагерге шабуыл жасайды. Көп ұзамай қоқандықтар ұрыс тәртібін қалпына келтіріп, орыс жасағын қоршауға кірісті. Содан кейін оны қоршаудан шығару үшін Форт-Перовскийден штаб-капитан Погурский мен прапорщик Алексеевтің басшылығымен тағы екі жасақ шықты. Қоқандықтар бұл шайқаста 2000-ға дейін сарбаздан айырылып, бытырай шегінді. Ресейлік шығын 18 адам қаза тауып, 44 адам жараланды. Олжа ретінде төрт мойшақ, жеті жалау, 17 зеңбірек және 130 пұт оқдәрі болды. 1854 жылы Жетісуда орыс алдыңғы бекініс Верный құрылды.

Ресейдің Орталық Азиядағы одан әрі шабуылы Қырым соғысының басталуымен бәсеңдетті. Қақтығыс аймақтық шеңберден тыс болды. Перовский Санкт-Петербургке түрік шабармандары Әлидің қылышына байланысты байрақтар туралы қауесет таратқаны жайлы хабарлады. Түріктерді сол кезде Орталық Азияда Ұлы ойынын жүргізген Ұлыбритания қолдады. Сонымен бірге ішкі толқулар Қоқан хандығының күштерін бұғаулады.

Соғыстың жалғасуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Н.Н. Каразин. Бекіністегі дабыл (қоқандықтардың казактар тұратын Ұзынағаш жаңа ауылына шабуылы)

1854 жылы Іле Алатауының етегінде Сібір шебінде Верный бекінісінің негізі қаланды. 1860 жылы полковник Г.А.Колпаковскийдің жасағы (3 рота, 4 жүздік және 4 зеңбірек) 1 мың қазақ жасағы жауынгерлерімен бірге Ұзынағаш шайқасында жаңа орыс бекінісін талқандамақ болған наразы қоқандықтардың 22 мыңдық ордасын талқандады. Батыс Сібір өкіметі Қоқанға қарсы көтеріліске шыққан, орыстардан көмек сұраған қырғыздарға көмектесу үшін Пішпек пен Тоқмақ қоқандық бекіністерін түп-тұқылын қоймай қиратқан полковник Циммерман басқарған шағын жасақты жабдықтады[4]. Осы шаралар арқылы Сібір шебі жаудың шапқыншылықтарынан қорғанды. Сібір шебінің Іле өзенінен кейінгі оңтүстік бөлігінде жаңа Жетісу казак әскері құрылды, оның өзегі Сібір казак әскерінің екі полк округі болды[5].

Ташкент үшін шайқас

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1864 жылдың жазында полковник Н.А.Веревкин Форт-Перовский жағынан 2 мың адамдық жасақпен (5 рота жаяу әскер және 2 жүз казак) Түркістанға шабуыл жасап, оны басып алды. Комендант Дәулет мырза Ташкентке қашты. Черняев басқарған тағы бір орыс жасағы сол жылдың қыркүйек айында Шымкентті басып алды. Черняев үшін тосын жағдай Шымкентті қоршау кезінде қоқандықтар арасында атыс қашықтығы бойынша орыстардан асып түсетін ойық ұңғылы артиллериясының болуы. 1550 адамдық жасақтың Ташкентті бірден алуға әрекеті сәтсіз аяқталды. Орыс артиллериясы қала қақпасын қиратты, бірақ қала қорғаушылары қала ішінде табанды қарсылық көрсетті. Ұрыста 18 орыс сарбазы мен офицері қаза тапты. Одан әрі шабуыл жасаудың бекер екенін түсінген орыс жасағы Шымкентке шегінді. Желтоқсанда Иқан шайқасы болды: Қоқан хандығының аталығы Әлімқұл кері соққы беруді ұйғарып, әскер жинап, Шымкентті айналып өтіп, Черняевтың тылына, Түркістан бекінісіне қарай жылжиды. Жолда Иқан ауылының маңында оның мыңдық әскері есауыл Серовтың жүз сарбазымен тоқтатылды. Шайқастан кейін Әлімқұл Ташкентке шегінді.

Черняев бастықтардың мақұлдауын және резервтердің келуін күтпестен екінші Ташкент жорығын ұйымдастырды. 29 сәуірде Ташкент су құбырларының гидравликалық құрылыстарын қорғайтын Ниязбек қорғанына шабуыл жасап, жаулап алды. 9 мамырда Ташкенттен жеті шақырым жерде Қарасу шатқалында Әлімқұлдың әскерін талқандады, шайқас біткен соң көп ұзамай алған жарақатынан Әлімқұл қаза тапты.

1865 жылы Черняев үш күндік шабуылдан кейін (15-17 маусым) Ташкентті басып алып, жасағында 25 адам қаза тауып, 117 адам жараланды; қоқандықтардың шығыны анағұрлым көп болды.

Ташкентті жаулап алу Ресейдің Азиядағы мүддесін нығайтып, заңды түрде Бұхарамен мүдделер қақтығысы болды, оның әмірі Мұзаффар Қоқанға басып кіріп, Әлімқұл тақтан тайдырған Құдаярды тағына қайта отырғызып, Ресейге қарсы соғысқа дайындала бастады.

Бұхара әмірінің Қоқан хандығына көмек көрсету әрекеті 1866 жылғы Ыржар шайқасында сәтсіздікке ұшырады. 1866 жылы 24 мамырда Хожантты орыстар басып алды. Хожантты қорғау кезінде қоқандықтар 3500-ге жуық адамынан айырылды, олардың мәйіттерін бір апта бойы жерледі, ал орыс әскерінде 137 сарбаз қаза тауып, жараланды. Хожанттан орыс әскері Ұлытөбеге жылжыды, оны шілдеде генерал Крыжановский басып алды. Қазан айында Темірлан қақпасын жауып тұрған Түркістандағы ең мықты бекініс – Ташкенттен Зарафшан аңғарына апаратын жалғыз ыңғайлы жол – Жызақ құлады. Осы кезде Ташкенттің бұрынғы билеушісі Жақыпбек Қытайдан уақытша тәуелсіздік алған Қашқарға қашып барып, сонда Жетішар мемлекетін құрды. Бұхаралықтар Самарқанға қашты. 1867 жылы Түркістан облысы: Жетісу (Верный қ.) және Сырдария (Ташкент) деген екі облысы бар Түркістан генерал-губернаторлығына айналды.

1867 жылдың жазына қарай Орта Азияның орасан зор аумағы Ресей үкіметінің қолына шоғырланды, оған екі облыс орталықтары Ташкентте (Сырдария облысы) және Верныйда (Жетісу облысы) болған Түркістан генерал-губернаторлығы (бірінші губернаторы К. П. Кауфман) құрылды. Жаңа аумақтың ауданы 850 000 км²-ден астам болды.

Соғыс 1868 жылы қаңтарда Кауфман мен Құдаяр хан арасындағы сауда келісімімен аяқталып, Қоқанды Ресейге тәуелді мемлекетке айналдырды.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Пленцов, А. К. Иқандағы іс. СПб. Издательство «Историко-культурный центр Карельского перешейка», 2014. 320 с. С иллюстрациями. ISBN 978-5-9905826-9-9. С. 12—14
  2. АЛМАТЫ КӨК АЛАУМЕН ЖАНУДА.(қолжетпейтін сілтеме)
  3. Пленцов, А. К. Иқандағы іс. СПб. Издательство «Историко-культурный центр Карельского перешейка», 2014. 320 с. С иллюстрациями. ISBN 978-5-9905826-9-9. С. 22
  4. Описание военных действий в Заилийском крае в 1860 г.(қолжетпейтін сілтеме)
  5. Пленцов, А. К. Дело под Иканом. СПб. Издательство «Историко-культурный центр Карельского перешейка», 2014. 320 с. С иллюстрациями. ISBN 978-5-9905826-9-9. С. 24