Юань Империясы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
{{{атауы}}}

 



 


Юань Әулеті

Юань ӘулетіҚытайда билік жүргізген моңғол әулеті (13 – 14 ғасырларда). Әулеттің негізін Шыңғысханның немересі Құбылай қалады.

1206 ж. Орталық Азияны мекендеген көшпелі түркі-моңғол тайпаларын бағындырған Шыңғысхан 1211 – 15 ж. Қытайды жаулап алуды бастап берді, ал оның мирасқоры Үгедей хан 1234 ж. Солтүстік Қытайды толық бағындырды. 13 ғасырдың 50-жылдарының соңына қарай Шыңғысхан империясы іс жүзінде бірнеше дербес мемлекеттерге бөлінді, солардың бірін Құбылай басқарды. Ол Қытайды жаулап алуды әрі қарай жалғастырды да өз мақсатына жету үшін мемлекет астанасын Қарақорымнан Дадуға (Пекинге) көшірді (1264). Алғашқыда бұл мемлекетке Моңғолия мен Солтүстік Қытай жері кірді. 1271 ж. Құбылай өз иелігіне “Юань“ деген ханзу (қытай) атауын берді. Оның әкімшілік жүйесі қытай үлгісінде жасалды. Бірақ сол кездегі саяси жағдайларға байланысты оның өзіндік ерекшеліктері де бар еді. Мысалы, Қарақорым мен Шанду (Ханбалчасун, кейіннен Кайпин) қалалары Пекинмен бірдей астана саналды. Ел аумағы жергілікті хатшылықтар (син-чжуншушэн) басқаратын 11 провинцияға бөлінді. Шаньдун, Шаньси, Хэбэе сынды аумақтардың біразы тікелей Сарай хатшылығына бағынды. Сондай-ақ кейбір моңғол ақсүйектерінің үлестік жерлері де орталық және жергілікті әкімшілік билікке бағынбады. Жоғарғы үкімет – чжуншушэн (сарай хатшылығы) болды. Хатшылыққа 6 мекеме бағынды. Императордың жанынан шенеуніктердің қызметін қадағалайтын “әскери кеңес“ (шумиюань) пен “цензорат“ (юйшитай) жұмыс істеді. Жоғарғы билік орындарында моңғолдар мен түрік тектес халықтардың өкілдері отырды. 1279 ж. Құбылай Оңтүстік Қытайдағы Сун империясын талқандап, Қытайды жаулап алуды аяқтады. 13 ғасырдың 70 – 90 ж. Юань Әулеті тарапынан Вьетнам, Бирма, Тямпа, Жапония мен Яваға қарсы жорықтар жасалғанымен, бұл елдерді бағындыру мүмкін болмады. Корей мемлекеті Юань Әулетінің билігін мойындады, мұнда моңғол уәкілі отырды. Құбылайдың мирасқоры Темір (Тэмур) тұсында да (1295 – 1307) осы саясат өз жалғасын тапты. Бірақ ол қайтыс болғаннан кейін елде таққа талас басталып, берекесіздік орнады. 1308 – 1332 жылдары 8 император бірін-бірі алмастырды. Бұл берекесіздік Тоғон-Темір билік еткен жылдары (1333 – 1368) біршама тоқтағанымен, мемлекетте жергілікті қытайлардың көтерілістері басталды. 1351 – 68 жылдарды қамтыған бұл көтерілістің нәтижесінде Юань Әулетінің билігі құлатылып, орнына Мин әулеті келді. Юань Әулеті өкілдері Моңғолияға қашуға мәжбүр болды.[1]

Құбылай

Юань Империясы, Дай Юань (Ұлы Юань) – 1271 – 1368 жылдар аралығында Қытайда билік құрған көшпелілер мемлекеті. Мемлекеттің негізін қалаған Шыңғысханның немересі Құбылай болды. Шыңғысханның қол астына біріккен түркі-моңғол тайпалары Қытайды жаулап алуды ұлы жихангердің көзі тірісінде бастағанымен бұл жорықтар аяғына дейін жеткізілген жоқ. 13 ғасырдың 50 жылдары Шыңғысхан империясы іс жүзінде бірнеше дербес мемлекеттерге бөлініп кетті. Соның бірін басқарған Құбылай Қытайды әрі қарай жаулап алуға кірісті. Өз мақсатына жету үшін ол 1264 ж. астананы Қарақорымнан Дадуға (Пекинге) көшірді. 1271 ж. Құбылай өз әулетіне қытайша Юань атауын берді. 1279 ж. ол оңт-тегі сун империясын біржолата талқандап, Қытайды жаулап алуды аяқтады. Қытайды толық басып алғаннан кейін ол қытайлық дәстүрді жалғастырып, өзін “Көктің ұлы” деп жариялады. Моңғолдар Қытайда билік ету үшін сол елдің сан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі мемлекеттік тәртіптерін сақтауға, биліктің қытайлық түрін қабылдауға мәжбүр болды. Құбылай бүкіл Қытайды 11 провинция, 180 округке бөлді, оларды басқаратын уәкілдерді өзі тағайындады. Халықтың әлеумметтік құрылымы өзгертілді, бірінші орынға – түркі-моңғолдар шығарылды, одан кейінгі орында – шетелдіктер (негізінен мұсылмандар), соңғы орында қытайлықтар тұрды.

Юань Империясының аумағы

Алдыңғы екі топтың артықшылық құқықтары көп болды. Мемлекеттік тілі – моңғол тілі болып жарияланып, қытайларға қару асынуға тыйым салынды. Жоғарғы қызметтерге қытай еместер тағайындалды. Жер иеліктерін, ауылдар мен қалаларды моңғол билеушілері өздеріне туыс ауқатты шонжарларға, оларға қызметке келген шетелдіктерге, буддалық ғибадатханаларға үлестіріп берді. Мемлекеттегі ірі қалаларға Құбылай өз гарнизондарын орналастырып, әскери тәртіп жағдайын енгізді. Арнайы рұқсатсыз ешкімнің еркін жүріп-тұруына, саудамен айналысуына, басқа жаққа қоныс аударуына құқы болмады. Ерекше бақылауға алынған қытай саудагерлері тауарларын ел ішінде еркін алып жүре алмайтын және сыртқа да көп шығара алмайтын. Оның есесіне мұсылман саудагерлерге және еуропалықтарға Қытайға кіруге еркін жол ашылды.

Қытайларға мүлдем сенбеген Құбылай өзінің орасан зор мемлекетін басқару үшін билікке шетелдіктерді көптеп тартты. Мысалы, Орталық азиялық саудагер Ахмед қаржы саласын басқарса, әскери саланы сириялық Насир ад-Дин өз қолында ұстады, италиялық Марко Поло губернатор болып тағайындалды. Дегенмен Құбылай өзінің ең басты тіректері ретінде түркі-моңғол ақсүйектеріне арқа сүйеді. Сарай маңында және ірі-ірі провинциялардың ішінде басты рөлді көшпелілер атқарды. Әсіресе, жалайыр, керей, қоңырат, арғын, найман, қыпшақ, т.б. тайпалардан шыққан саяси қайраткерлер, қолбасшылар, дипломаттар көп болды. Олар Юань Империясындағы саяси, әскери және экономикалық билікті өз қолдарында ұстады. Құбылай қытай жазуына өзгеріс енгізуге тырысып, 1281 ж. даосизм ілімін насихаттайтын кітаптарды өртеуге бұйрық берді. Биліктен қуылған қытайлық билік өкілдері жиі-жиі моңғолдарға қарсы құпия бүліктер ұйымдастырып отырды. 1282 ж. астанада болған осындай кезекті көтерілістен кейін шетелдіктер елден қаша бастады. Осыған байланысты Құбылай қайтыс болған соң оның мұрагерлері сарайға қытайлық әкімдерді қызметке алуға мәжбүр болды. Юань Империясы 1274 және 1281 ж. Жапонияны бағындыру үшін әскери-теңіз экспедициясын жасақтады. Бірақ олардың кемелері күшті теңіз дауылдарына шыдамай, жапон аралдарына жете алмады. Осыдан кейін империяның назары оңтүстікке ауды. Құбылай 13 ғасырдың 50 жылдарында-ақ Вьетнамға дейін жеткенімен, жергілікті халықтың қатты қарсылығына тап болды. 1280 – 90 ж. Вьетнам мен Бирмаға жасалған жорықтар сәтсіздікке ұшырап, ол жерлерде моңғол басқыншыларына қарсы жаппай партизандық соғыс басталды. Оңтүстіктегі порттарды басып алуға аттандырған қытай флоты Қызыл өзенінің айрығында суға батырылды.

Бірте-бірте империяның әскери күш-қуаты сарқылды. Осыған байланысты билеушілер басқыншылық саясаттан бас тартып, өз шекараларын қорғауға кірісті. Көп ұзамай қоршаған ортаға байланысты биліктегі моңғол ақсүйектері де қытайлана бастады. Құбылайдың орнына келген Темірден (Тэмур) (1295 – 1307) кейін билік үшін үміткерлердің кескілескен күресі басталды. Соның нәтижесінде 1308 – 1332 ж. арасында 8 император алмасты. Тоғон Тэмир (Тұқа-Темір) (1333 – 68) билік еткен кезде Қытайда моңғолдарға қарсы халық көтерілісі (“Қызыл әскерлер” көтерілісі – 1351 – 68 ж.) басталды. Көтерілісшілер моңғолдардың негізгі күштеріне қарсы аттанып, 1368 ж. Юань Империясынің астанасы болған Даду (Пекин) қаласын басып алды. Юань Империясынің соңғы императоры өзінің қалған әскерімен, туыстарымен Моңғолияға қашып кетті. Сөйтіп қытайхалқының көп жылдық күресінің нәтижесінде жергілікті Мин әулетінің негізі қаланды.[2][3][4]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы, 10 - том
  2. Татаро - монголы в Азии и Европе, М., 1977
  3. История Китая, М., 1998;
  4. Алдабек Н.Ә., Орта ғасырлардағы Қытай тарихы, А., 2004.