Тиранозавр

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Тиранозавр Рекс
Тиранозавр мен адамның дене бітімінің салыстырмалы суреті
Тиранозавр Рэкс
Тиранозавр Рекстің бассүйегі

Тиранозавр Рекс (лат. Tyrannosaurus - "зұлым (тиран) кесіртке", лат. rex - "патша") — етқоректі ең үлкен динозавр-теропод. Солтүстік Американың батыс бөлігінде, Ларамидия аралын мекендеген. Тиранозаврлардың қазба қалдықтары Бор дәуірінің маастрихт ғасырының геологиялық қабатынан табылған (шамамен 70,6—66,043 миллион жыл бұрын). Мезозой эрасының соңына дейін тіршілік еткен тиранозавр кесірткежамбасты динозаврлардың соңғы түрлерінің бірі болған.

Тиранозавр - бассүйегі ірі, екі аяқты жыртқыш жануар. Ұзын және ауыр құйрығы тепе-теңдік сақтау қызметін атқарған. Үлкен әрі күшті артқы аяқтарымен салыстырғанда, тырнақты екі саусағы бар алдыңғы аяқтары кішірек, бірақ мықты болған. Тероподтардың ішіндегі ең ірі өкілі және Жер тарихындағы құрлықты мекендеген ең ірі жыртқыштардың бірі. Мамандардың болжауынша Сью есімді тиранозаврдың биіктігі шамамен 12,3—12,8 метр, ал салмағы 8,4—9,5 тонна болған. Тиранозавр гадрозаврларды, цератопстарды, тіпті завроподтарды аулаған болуы мүмкін, сондай-ақ ол өлекселермен де қоректенген.

Сипаттамасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тираннозавр Рекс жер тарихындағы ең ірі жыртқыштардың бірі болды. Голотиптің ұзындығы (AMNH 502) 10,6 м-ге, ал жамбасқа дейінгі биіктігі 3,4 м-ге тең. Салыстырмалы түрде толық қаңқалардың ішіндегі ең үлкені "Скотти" RSM P2523.8 1991 жылы Канаданың Саскачеван провинциясында табылған. Альберта Университеті мамандарының айтуы бойынша, өте үлкен бұл үлгінің ұзындығы 13 метрге жетіп, салмағы 8,8 тоннаға жуық болған.

"Скотти" сипатталған мақала 2019 жылғы жарыққа шықпас бұрын, оның ең үлкен үлгісі FMNH PR2081 болып саналды, ол «Сью» лақап атымен аталды, ұзындығы 12,3 метр және жамбас деңгейінде биіктігі 4 метрге тең, дене салмағы шамамен 9,5 және 8,4 тоннаны құрайды.

2009 жылы палеонтолог Пакард және оның әріптестері динозаврлардың массасын өлшеу тәсілін пілдерге сынап көрді және алдыңғы өлшеу әдістері бойынша динозаврлардың массасы жоғары бағаланды деген қорытындыға келді. Жақында жүргізілген өлшеулер (GDI әдісі бойынша орындалады: жануарлардың көлемі оны бөліктер жиынтығына бөліп, орташа ауданын дене ұзындығына көбейту арқылы есептеледі) тиранозаврлардың ең үлкен үлгілерінің дене салмағы 9,5 тоннадан асатынын көрсетті. Одан да ірі тиранозаврларға тиесілі болуы мүмкін сүйектер фрагменттері бар. Осылайша, Григорий С.Паул UCMP 118742 үлгісінің ұзындығын (81 см жоғарғы жақ сүйегі) шамамен 13,6 м, жамбас деңгейіндегі биіктігі 4,4 метр, ал массасы 12 тонна деп бағалайды.

Дене бітімі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тиранозаврдың мойыны S-тәрізді, бірақ қысқа және бұлшықетті, бұл оның массивтік басын ұстап тұруға мүмкіндік берді. Алдыңғы аяқтарда тек тырнақталған екі саусақ және үшінші саусақтың рудименті кішкентай саусақ сүйегі болған. Керісінше, артқы аяқтары басқа тероподтармен салыстырғанда ең ұзыны болды (денеге қатысты). Омыртқа жотасын 10 мойын, 12 кеуде, 5 сакральды және 40-қа жуық құйрық омыртқалар құрайды. Құйрығы ауыр және ұзын болды, өйткені ол бас пен массивті денесін теңестіру қызметін атқарды. Жануарлардың алып көлемін өтеу үшін көптеген сүйектері қуыс болды, бұл олардың салмағын азайтты, бірақ беріктігіне әсер етпеді.

Тираннозаврдың бізге белгілі ең үлкен бас сүйегінің ұзындығы шамамен бір жарым метрге жетеді. Бас сүйегіндегі үлкен қуыстар оның салмағын азайтуға және барлық жыртқыш динозаврлар сияқты бұлшықеттерді бекітуге қажетті кеңістік құруға көмектесті. Бірақ тираннозаврдың бас сүйегі тероподтардың бас сүйектерінен мүлде өзгеше болды. Оның артқы жағы өте кең, бірақ тұмсығы тар, сондықтан тиранозавр жақсы дамыған бинокулярлы көру (бейнені екі көзбен қатар анық көре алу) қабілетіне ие болды. Бассүйектерінде мұрын айналасында құуыстардың болуынан сүйектері жеңіл және икемді болды. Осының нәтижесінде бассүйек нығайып, тістеу күшінің артуына себеп болды. Жоғарғы жақ сүйегі U-тәрізді пішінде (басқа жыртқыштарда көбіне V-тәрізді) болуы тиранозаврдың бір тістегеннен жұлып ала алатын тоқымалар мен сүйектердің мөлшерін және алдыңғы тістерімен түсіретін қысымды ұлғайтты.

Қызықты деректер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Тиранозавр Рекстің сүйекті сындырып жіберетін конус тәрізді 50—60 тістен тұратын жақ сүйегінің ұзындығы — 1,2 метр.
  • Тістерінің үлкендігі — 22 см-ге дейін барған.
  • Жалпы Тиранозаврлардың 50-ден астам сүйек қалдықтары табылған.
  • 2012 жылы Карл Бейтс және Питер Фолкингемнің зерттеулері бойынша тиранозаврлардың артқы тістерінің күші 35-37 килоНьютонға дейін жеткен деп есептеледі.
  • Кейбір ғалымдардың пікірінше Тиранозаврдың қауырсындары болған. Алайда оның дамуы мен климат жағдайларына байланысты қауырсындарының мөлшері өзгеріп отырған.
  • Тиранозаврдың көру өткірлігі адамдардікінен 13 есе артық, сондықтан ол 6 км қашықтықтағы объектті ажырата алатын болған. Иіс сезу қабілеті мен есту қабілеті өте жақсы дамыған, сондықтан төменжиілікті дыбыстарды да ести алған.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]