Маниах

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Маниах (т.ж.б. — 568) — Түрік қағанатының Византияға жіберген елшісі, соғды көпесі. Түркілер мен олардың билігінде болған соғдылар Византиямен тікелей сауда байланысын орнатуға мүдделі еді. Иран бұған басты кедергі болды. Маниах алғашында Хұсрау І Ануширван патшадан Иран жері арқылы Византияға қарай жібек мата алып өтуге рұқсат сұрау үшін жіберілген елшілікті басқарды. Алайда Маниах елшілігі сәтсіздікке ұшырады. Хұсрау І Ануширван Византияға апарылуы тиіс жібек матаның бәрін сатып алуға бұйрық беріп, оларды Маниахтың көзінше өртетті. Бұл әрекеттің астарында түркілер мен соғдылардың Византиямен тікелей сауда қатынасын орнатуына деген қарсылық жатқан еді. Елшілік нәтижесіз аяқталған соң Маниах Истеми (Дизабул) қағанға Иранмен арадағы одақты жойып, Византиямен қарым-қатынасты күшейтуге кеңес берді. Маниахтың басшылығымен аттандырылған елшілік Кавказ арқылы 568 жылы Константинопольге келіп жетті. Византия тарихшысы Менандрдың айтуынша, Юстин ІІ-нің сарайына қағанның “скиф жазуымен” жазылған хатын алып келген. Екі ел арасында сауда келісімі мен Иранға қарсы әскери шарт жасалды. Елшілікті жақсы қабылдаған Юстин ІІ Талас жағалауындағы қаған ордасына өз елшілігін аттандырды. [1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VI том