Көтеш Райымбекұлы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Көтеш Райымбекұлы (1745, қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы – 1818, сонда) – халық ақыны. Алғаш рет 17 жасында Абылай ханға қарсы бас көтерген Мейрам руын мадақтаған өлеңі арқылы аты шығады. Оның өлеңдерінің көпшілігі шешендік, нақыл, жұмбақ түрінде халыққа көбірек тараған. Ақынның өлеңдерін зерттеп-жинаушылар: Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Бозтай Жақыпбаев, Ғалымжан Мұқатов. Көтештің шығармалары көркемдік құндылығы жоғары, идеясы терең, мазмұнды болып келеді. “Абылай, Ботақанды сен өлтірдің”, “Күркелінің бауыры күнде дауыл”, “Сексен ерікке қоймады-ау, қалжыратып”, “Қартайғанда қатының дұшпан болады”, “Кәрілік, жылы-жұмсақ ас жарай ма”, “Қыз бен Көтеш”, “Көтештің Кіпіне қызбен айтысы”, “Көтештің Зағипамен айтысы” деген айтыс өлеңдерінде көшпелі халық өмірінің шындығы көрінсе, екіншіден, тоғышарлықты келекелеп, астарлы сөзбен әжуалап отырғаны байқалады. Ақынның бірқатар өлеңдері мен айтыстары “Ертедегі әдебиет нұсқалары” (1961), “Алдаспан” (1971), “Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы” (1985) атты жинақтарда жарияланды.[1]

Көтеш — ХVІІІ ғ. өмір сүрген ақын. Қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туып-өскен. Арғы атасы — Тұрлыбек. Арғын тайпасы Сүйіндік руының Күлік бөлімінн шыққан.[2] Ол ақындықпен жас кезінен шұғылданған. Әуелі елдегі айтыс дәстүрі бойынша танылып, арнау өлеңдер айтып жүрген. Кейін әлеуметтік мәселелерге үн қосып, елінің тарихын, жауға қарсы жорықтарын, өз дәуірінің келелі мәселелерін көтеріп отырған.

Көтеш нағыз ақпа ақындарға тән қасиеттермен танылып, сол ақындар поэзиясы үлгісін ұстаған, қара өлең, қайым өлең жанр түрлерін байытқан. Ақынның бізге мәлім шығармалары осыған дәлел. Өзінің мазмұны жағынан әлеуметтік, қоғамдық, тұрмыстық мәселелерді кеңінен көтеріп, әр түрлі лирикалық өлеңдерін шығарған.

Ақындарша айтысып, арнау, ойнақы терме, сынай арнаулар да айтып жүрген. Қалмақтың қазақ жерін босату күресіне белсене араласқан әрі батыр, әрі ақын саналған ол Жасыбай, Олжабай батырлар бастаған Сүйіндіктердің қалың қолдарымен бірге жүріп, әрбір күрес нәтижелерін сөз еткен. Аталмыш батырлар туралы ұзақ жырларды толғап жүрген.

Көтеш — өлеңді көп шығарған төкпе ақын. Оның әлі жиналмай, ел аузында жүрген сөздері көп. Ақын шығармалары өз кезінің талай тақырыптарын көтеріп, ішкі-сыртқы ел қайшылықтарына үн қосқан. Ол өз еліндегі кемтарлар тұрмысын, әлеуметтік теңсіздіктерді де, халықтың мұң-шерлерін де толғана жырлады.

«Ақтабан шұбырынды» оқиғасынан мол хабардар Көтеш сол ауыр оқиғаны тебірене толғап, халық қайғысына үн қосады. Қалмаққа қарсы соғыс аяқталып, ішкі егестер қозған кезде Көтеш Абылай ханға наразы ерлер жағында болып, сол ханға қарсы топтың сойылын соғып, Бөгенбай, Қазыбек, Олжабай бастаған топпен бірге Абылайдың өзімшіл өр мінездерін бетіне басқан. Ел арасындағы: «Көтештің «Ер Олжабай», «Ботан» атты жырлары болушы еді. Ол жырларында ақын онша мақтамапты ханды. Нәтижесінде ақын көп қуғын да көреді. Өле-өлгенше алдына мал салмай, кедейлік зардабын шегіп өтті. Ақыры елден кетіп, сол қарақшылар қолынан қаза тауып еді» деген аңыздар осыны аңғартады.

Көтеш ел адамдарына қаратып арнау өлеңдерін шығарып жүрген. Еліндегі Тінәлі, Тышқанбай, Қапан деген байлар сыйлығына байланысты айтқан өлеңдерінде мейірбандықты, кең пейілділікті жақтайды. Өзін-өзі зор тұтып, басқаны менсінбеген мырзаларға да Көтеш өткір мысқылдар арнап отырған. Торайғыр биге айтқан сөздері де өткір. Ақын мінер атқа, ішер асқа зар болып өткен. Бұған оның өлеңдері де айғақ. Қартая келе ол келін-балаларына риза болмай, оларға наразылығын білдіріп өлеңдер шығарып жүріпті. Балаларын жақтап, өзін күтпеген кемпіріне айтқан өлеңдерінде де ол өзінің ақындық қабілетін танытады.

Көтеш айтысқа да түсіп жүрген. Бізге оның қыпшақ қызымен, Күнікей, Зағипа, Қания қыздармен тіл қағысулары жеткен. Ол өлеңсіз сөз сөйлемеген. Кез келген сөзін тұспалдап, өлеңдете жөнелетін қас жүйріктің өзі болған.

Қазақ әдебиетінде Көтеш ақын мұрасының алар орны ерекше.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6
  2. Байтақ даладағы бабалар ізімен  (орыс.).