Көрермен

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Көрермен — түрлі көркем өнер туындыларын театр, кино, телевизия, т.б. арқылы зейінге алып, қабылдайтын қауым. Олар әр түрлі эстетикалық талғамның, өзіндік көзқарастың иелері.

Әдеби процесте жазушы, ақын, суретші тұлғасын оқырмандар қауымынсыз елестету қиын десек, жалпы өнерде де, соның ішінде кино өнерінде, театр өнерінде де творчестволық процестің өзгешелік сипаттарын, көркем туындылардың қоғам өміріндегі атқаратын қызметін анық түсініп білу үшін оларды жұртшылықтың, көрермен қауымның қалай қабылдап, қандай әсер алып отырғанына назар аудару шарт. Көрермендердің талап-тілегін, талғамын өнер иесі еске алмай, есептеспей отыра алмайды. Халық қабылдамаған көркем шығарманың өмірі ұзақ болмайды. Көрермендердің білім деңгейі, өмір тәжірибесі, талғамы, әрине, әр алуан. Көркем өнер туындылары қоғамдағы ең озат ой-пікір, талап-талғамдарға сай болуы керек. Көрермендер көркемдік туындыларды қабылдаушы, өз игілігіне асырып, пайдаланушы ғана емес, оған баға беретін, сыншы да. Көрермендердің әр алуан пікірлері жинақтала келе, қоғамдық, халықтық пікір қалыптасады. Бұл орайда маман сыншылардың да атқаратын қызметі елеулі. Қандай да болсын өнер туындысының төңірегінде әр түрлі бағалар, пікір таласы болуы ықтимал. Көрермен қандай нәрсені ұнататыны, оған шығарманың қалай әсер ететіні де түрліше болып келеді. Әркім өзінің эстетикалық талғам деңгейіне орай пікір түйеді. Өнер шығармалары көрерменнің жан дүниесіне қозғау салып, идеялық-тәрбиелік міндет атқарады. Сонымен бірге көрермен пікірлері, халықтың өнерге деген тілек-талаптары, көркемдік талғамы көркем өнердің дамуына бағыт сілтейді, өнер иелерін творчестволық жаңашылдыққа бастайды.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Әдебиеттану: терминдер сөздігі / – 3-ші бас. . - Семей-Новосибирск : Талер-Пресс, 2006 . - 400 б. ISBN 9965-776-24-5