Көн

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Көннен жасалған мес пен көнек.

Көн – мал мен аңның кептірілген және шала өңделген (иленбеген) терісінің атауы. Әдетте, сойылған мал мен аң терілері кепкеннен кейін ылғалға, ыстық-суыққа, қажалуға, созылуға, шіруге және т.б. құбылыстар мен әсерлерге өте төзімді берік күйге түсіп қатады. Мұны қазақта көн тері деп те атайды. Көшпелі ортада терінің осындай қасиетін бұйымдар жасауға кеңінен пайдаланған. Дәстүрлі ортада бұйымдар жасауға немесе бұйымдардың сыртын қаптауға пайдалану үшін көнді арнайы дайындайтын болған. Ол үшін теріні тазалау, қызылдау (кермекке салу), құрымдау (қара түске келтіру) және ыстау сияқты өңдеулерден өткізеді. Пайдаланғанда төзімді болатындықтан негізінен көнге ірі малдың терісі жаратылады. Әдетте көн даярлауға терілер түгімен және түгі алынып та пайдаланылады.

Көнді түгімен пайдалану

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Көнді түгімен пайдалану үшін алдымен жас теріні тұздап дегдітеді. Тобырсығаннан кейін оның ішкі бетіндегі жабысқан шел, ет пен майларынан қырып тазартады. Егер өте майлы болса ащы сор топырақты немесе құстың саңғырығын жағып, содан кейін тазалап шығады. Тазаланған теріні көлеңке жерге жайып немесе керіп кептіреді. Түкті көн көбінсе тулақ, тайтері, бөстек, тұлып, шанаш, бұлқыншақ, мес, дорба, талыс, шарқай, қауға, биялай даярлауға және келі сыртын қаптауға пайдаланылған.

Көнді түгін алып пайдалану

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Көнді шел-майынан тазартқаннан кейін, түгін қырқу, қыру немесе жидіту жолдарымен алып тастайды. Осылайша түгі алынған теріні кермекке (өсімдіктердің тамыры, қабығы, бүрінен жасалған қоспаға) салып қызғылт, қоңырқай-қызыл түске ендіреді. Ысты суға салып, тұз қосып теріні қайнатса, қою қара түске боялып шығады. Мұны қазақта құрымдау деп атайды. Сонымен қатар, көнді шөптерді өртеп, оның ысына әбден қақтайды. Жақсы иіс сіңуі үшін мүмкіндігінше жусан, арша түтінін пайдаланған. Осындай өңдеулерден өткізілген көн біршама ширығып-шымырланғандықтан дымданбайтын, жібімейтін, көгермейтін болады және әдемі түске енеді. Ылғалға, ыстық-суыққа, қажалуға, созылуға, шіруге және т.б. құбылыстар мен әсерлерге өте төзімді берік күйге түскен көн теріні көпшілік дәстүрлі бұйымдар жасауға пайдаланған.

  • Ыдыс-аяқтар. Түгі алынған көн қазақта көбінесе ыдыс-аяқтар жасауға пайдаланылған. Мәселен, торсықтың алуан түрлері, саба, көнек, бұлқыншақ, кеукерін, дүңгіршек ертеде күнделікті қолданыстағы ыдыстар болған. Мұндай ыдыстар әсіресе көшпелі өмірге өте қолайлы, көш барысында мүлде сынбайтын, бүлінбейтін және оңайлықпен тозбайтын болып келеді. Ыдыс жасауға көбінесе жылқы терісін қолданатын болған.
  • Аяқкиімдер. Былғарыдан аяқкиім тігуге шамасы келмейтіндер қатты, әрі қалың көннен шәркей, кебіс, шоқай, шабата, шарық сияқты қарапайым аяқкиімдерді тіктіріп киюге мәжбүр болған. Күнделікті шаруашылыққа киілетін көн етік жас теріден жасалатындықтан уақыт өте келе көн болып қоқиып қатып қалады. Сондықтан да, бұндай етікті ертеде шаруашылықта, аңшылықта тау-тас, бұталы жерлерді аралығында киетін болған. Бұндай етіктiң шақай деген түрлері бар. Көннен тігілген кебіс, шабата жеңіл аяқ-киім түрі болып табылады.
  • Қорғаныс жарақтары. Ертеде көнді қорғаныс жарақтары: қалқан, жеңсе, тізелік, дулыға, қорамсақ және сауыттың кейбір түрлерін жасағанда да пайдаланылған. Өйткені көн темірге қарағанда қолжетімді, жеңіл, жасалуы және жөнделуі оңай, суық пен ыстықта денені қарымайтын сияқты артықшылықтары бар.
  • Музыкалық аспаптар және т.б. Арнайы түрде дайындалған көннен дабыл, дауылпаз сынды музыкалық аспаптар жасалып, оларды аңшылық-саятшылықта, жаугершілікте жиі қолданылғандығы белгілі. Мұнымен қатар, көнді нарқобызды, ерді, келіні, сандықтарды және т.б. бұйымдарды мықты болуы үшін қаптауға да пайдаланған.
  • Қазақы ортада бұлармен қатар кесеқап, қауға, оймақ, шанақ, тебінгі, көзілдірік, көнте белбеу сияқты бұйымдар көннен даярланып, шаруашылықта қолданылған.

Көннен бұйым жасау

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Көн құрысса қалыбына тартады» демекші көннен бұйымдар жасау үшін қалыптау тәсілі қолданылады. Кептірілмеген жұмсақ кезінде белгілі бір қалыпқа келтірілген көн тобырсығанда сол қалпын сақтап қалады. Көн бұйымды жасау үшін арнайы қалыптар немесе топырақ, құм пайдаланылған. Алдымен дайындалған көннің оң жағын (түк жағын) ішіне қаратып заттың пошымын пішіп алады. Бұйымды құрастыру үшін иірілген шуда жіп немесе жуан тарамыспен жөрмеп, қайып тігеді. Содан кейін ішіне құм немесе топырақ нығыздай толтырылып, жел қағатын көлеңкелі жерде кептіріледі. Қажет болса, арнайы мүйіз бастырғымен тобарсыған қалпында ою-өрнек түсіріледі. Кепкен соң ішіндегі топырақ-құмы төгіп, жақсылап ыстайды. Бұдан басқа кесеқап, аяқкиім түрлерін және т.б. бұйымдарды жасау үшін арнайы ағаш қалыптар пайдаланылған.

Көннен істелінген бұйымдардың атауына көбінесе көн сөзі қосылып айтылады: көнек, көн шелек, көн талыс, көн шәркей, көн етік, көн садақ және т.б.

Қазақтың дәстүрлі тіршілікқамы жүйесінде көн ыдысты пайдалану бірден бір прогрессивтік іс шараладың бірі болып келеді, себебі ежелгі дүние тарихында, сол кездегі көшпелілер көбінесе қыш ыдыстарды қолданғаны белгілі. Ал қыш ыдысты көші қон кезінде оңайлықпен сына қоймайтын, әрі жеңіл көн ыдыстың ығыстырып шығуы дәстүрлі көшпелі ортада орныққан қоғамдық тәжірибенің селективтік механизм ретінде функция атқарғандығының нәтижесі ретінде қарастыруға болады.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9

Әдебиеттер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Қасиманов С. Қазақтың ұлттық тағамдары. Алматы: Қайнар, 1977;
  • Тәжімұратов Ә. Шебердің қолы ортақ. Алматы: Қазақстан, 1977;
  • Мұқанов С. Халық мұрасы (тарихи-этнографиялық шолу). Таңдамалы шығармалар. ХV том. Алматы: Жазушы, 1979;
  • Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1987;
  • Шоқпарұлы Д. Теріден жасалатын бұйымдарды құрастыру технологиясы. Алматы: Кітап, 2005;
  • Шоқпарұлы Д., Дәркембайұлы Д. Қазақтың қолданбалы өнері. Алматы: Алматыкітап, 2007.