Кеуек материалдар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Кеуек материалдар – тұйық немесе бір-бірімен өзара жанасатын қуыстары бар табиғи және жасанды құрылыс материалдары. Кеуек материалдар қуыстарының көлемі 30 – 80% материалдар жатады. Кеуек материалдардың көлемдік массасы аз, беріктігі төмен, жылу мен дыбысты нашар, ал бу мен газды көбірек өткізеді. Жұмысқа төзімділік қасиетіне байланысты бұл материалдар кеуектілігі төмен, орташа және жоғары болып үш топқа бөлінеді. Табиғи Кеуек материалдар ға кеуек тау жыныстары мен минералдар (пемза, вермикулит, қабыршақтас, диатомит, т.б.), ал жасанды Кеуек материалдарға кеуек шыны, кеуек гипс, кеуек силикат, керамзит, жеңіл бетондар, т.б. жатады. Кеуек материалдар термиялық және хим. жолмен, массаға сұйық заттарды қосып, қатайған кезінде кептіру жолымен немесе алдын ала кеуектелген толтырғыштар мен көбікті пайдалану арқылы алынады. Жасанды Кеуек материалдар. – кеуек гипс алу үшін суға шыланған гипске (1/4 бөлік гипс, 3/4 бөлік су) канифоль желімінен жасалған көбік, т.б. араластырып қалыпқа құйып, қатайған соң кептіргіш камераға жіберіледі. Кеуек гипстің тығызд. 400 – 800 кг/м3, беріктігі 5 – 10 кг/см2, кемшілігі дымқыл тартқыштығында. Кеуек гипс жылу өткізбейтін материал есебінде үй қабырғаларына қолданылады. Кеуек магнезит каустикалық магнезиттің ерітіндісіне арнаулы көбік араластыру арқылы алынады. Оның ең тиімді қасиеті – көлемінің өзгермейтіндігі. Кеуек магнезит үй табанын жылытуға, жылыту жабдықтары мен құбырларды оқшаулауға пайдаланылады. Ұнтақталған әк пен құм қоспасына арнаулы көбік араластыру арқылы алынатын жылу өткізбейтін материал – кеуек силикат. Арқауланған тақта түріндегі кеуек силикат құрылыста жабын ретінде, ал кішігірім блок түріндегі кеуек силикат үй қабырғаларына пайдаланылады. Жылу өткізбейтін материал – кеуек шыны. Шынының және газ бөліп шығаратын қасиеті бар, әр түрлі шикізаттардың (әктас, мәрмәр, тас көмір, т.б.) ұнтақ қоспасын қыздыру арқылы ісіндіріп, соңынан күйдіру жолымен алынады. Ол үй қабырғалары мен жылыту және тоңазыту агрегаттары үшін жылу өткізбейтін материал ретінде қолданылады.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Энциклопедиясы