Жүрсін Молдашұлы Ерманов

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Жүрсін Молдашұлы Ерманов (12.2.1951 жылы туған, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қурайлы ауылы) – ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2005).

Қыпшақ тайпасының Ұзын руының Дәуітбай бөлімінен шыққан. ҚазМУ-дың журналистика факультетін (1976), Алматы жоғары партия мектебін (1982) бітірген. 1980 жылға дейін Жезді ауданы “Октябрь туы” газетінде әдеби қызметкер, 1971 – 78 жылдары Жезқазған облысы телерадиокомитетінде аға редактор, 1978 – 80 жылдары бас редактор болды. 1982 – 92 жылдары Қазақ республикалық теледидарында бас редактор, 1992 – 96 жылдары “Қазақ әдебиетігазетінде, “Жұлдызжурналында бөлім меңгерушісі, “Қазақ мемлекетігазетінде бас редактордың бірінші орынбасары, “Қазақстан қанаты” – “Крылья Казахстана” газетінде бас редактор болып істеді. 1997 – 2003 жылға дейін шығармашылық жұмыста болды. 2003 – 06 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің гуманитарлық ғылыми-зертттеу орталығында жетекші ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі, 2006 жылдан “Қазақстан” республткалық телерадиокорпорациясы АҚ Басқарма төрағасының орынбасары – Қазақ радиосының бас директоры. Тұңғыш өлеңдер жинағы – “Жанартау” 1983 жылы жарық көрді. 1986 жылы “Арайлы күн, армысың” жыр жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының М.Мақатаев атындағы сыйлығына ие болды. “Ұлытауға бардың ба?..” (1989), “Құдіретке жүгіну” (2005), “Екі тізгін, бір шылбыр” (2007) атты кітаптардың авторы. Өлеңдері мен поэма, балладалары адам, оның жан дүниесі, рухани құндылықтарын өзек етеді. Ерманов қазақтың атамұра өнері – ақындар айтысын қайта жаңғырту, оны теледидар мен радиода насихаттау ісінде айтарлықтай жұмыстар атқарды. Ақындарды 1984 жылдан үлкен сахнаға шығарып, халық өнерін, ұлттық рухты көтеруге үлес қосты. Ақындар айтысын жинақтап жариялау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, “Қазіргі айтыстар” (2005, Аст., 2 том) жинағын құрастырды. Бірнеше бейне, аудиокассета, дискілері жарыққа шықты. [1] Ерман Жүрсін Молдашұлы 1951 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысының бұрынғы Қарсақпай ауданындағы Сталин ұжымшарында туған. Мектепке барып, тәлім-тәрбие алған жері – Құлжанбай ауылы.

Еңбек жолын 15 жасында Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген.

1978-1980 жылдары Жезқазған облыстық теледидарында бас редактор, 1983-1992 жылдары Қазақ республикалық теледидарында бас редактор қызметін атқарды. «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» журналының поэзия бөлімдерін басқарды. 2006-2010 жылдары Қазақ радиосының және «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Бас директоры қызметтерін атқарған. 2013-2016 жылдары Республикалық Кітап мұражайының директоры болып қызмет істеді.

Жезқазған теледидарында қызмет істеген жылдары (1972-1980) ақындар айтысының теленұсқасын жасау арқылы асыл мұраны жаңғырту жолын бастады. 1984 жылдың наурыз айынан бергі отыз жыл бойы айтыстың республикалық телеарналардан насихатталу ісіне бас ие болып келеді.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі. «Жанартау», «Арайлы күн, армысың!», «Ұлытауға бардың ба...», «Құдіретке жүгіну», «Екі тізгін, бір шылбыр», «Құстың көлеңкесі», «Ырғай», «Арнадым сізге», «Көктөбедегі кездесулер», «Алыстан және жақыннан», "Гөй-гөй" т.б. кітаптары жарық көрген.

М. Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері. «Құрмет» орденімен марапатталған. Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық Одағының Төрағасы.

[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, X том
  2. “ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6