Жидебай батыр

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Жидебай Қожаназарұлы (1713-1815) – қазақ халқының Әлтеке-Қаракесек руынан шыққан батыры.

Абылайдың сенімді серігі, жауқарақ басы, пікірлес досы әрі биі. Абылайды ақ киізге отырғызып, хан көтеруге қатысқан кісі. Абылай ханның майдандағы ұрыс тағдырын шешетін, әрі қосымша тың күш ретінде ұсынылатын 5000 қолды басқарған екен. Жидебай батыр Абылай хан тұсында хәм билік айтып, хәм жұртына бас болады. Шежірелердің айтуынша, Жидебай батырдың алғашқы үлкен жорыққа қатысуы – «Аңырақай шайқасы». Заманында Абылайхан қазіргі Балқаш-Ақмола өңіріне жауды кіргізбей сақшы қолдарымен тоқтата тұруды тапсырған екен деседі. Сарыарқаға қазақ, қалмақ, жоңғар, торғауыт таласқанда еңбегін сіңірген ердің бірі болады. Жидебай батыр Аңырақай шайқасына, Қаншеңгел, Ақсүйек соғысына қатысып ерлік көрсеткен, Баян тауын, Ертіс маңын, Нұра бойын, Қарақаралы, Ұлытау, Ақмола, Балқашты азат еткенде – мыңбасы; Тарбағатай, Батыс Алтай шайқасы, Аягөз, Талдықорған - Шоңжы, Құлжа, Алатау жорығы, Талғарды азат еткенде әскер басы болған. Талғар қаласы маңындағы Жидебай асуы, Абай қыстауындағы Жидебай қорығы осы батырдың атымен аталған.

Жидебай батыр – XVIII ғасырлардығы жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерекше ерлігімен тарихта өшпес із қалдырған тарихи тұлға. Жидебай батырдың Абылайханның замандасы болғандығын М.Ж.Көпеев те нақтылай айтқан екен.[1] Абылайхан Жидебайды өте қиын, алынбайды-ау деген қамалға, берілмейді деген бекініске, мықты-мықты деген жау күшіне жұмсаған. Оның қайталанбас ерліктері халық ауызында сақталып келген көптеген нұсқалы аңыздар арқылы кейінгі ұрпаққа жақсы мәлім. Ел арасындағы əңгімеге қарағанда Ордадағы жиындарда хан Жидебайдың сөзіне ерекше мəн беріп отырған. Жəне Жидебай да шындықты бүкпей, ханнан қаймықпай бетке айтқан. Бірде Абылай хан “Жеті жарғы” заңын жүзеге асырып отыратын, жеті адамнан тұратын “Жеті жарғыш” ұйымын сайлайды. Солардың ішінде Жидекең де болады. Тағайындалғандардан хан: “Түрлі-түрлі жау көп, солар жайлы не айтар едіңдер?” – деп сұрайды. Сонда Жидекең: “Жау екі түрлі болады: көрініп келетін қауіпсіз жау бар, жекпе-жекке шығасың, күшің асса жығасың, ол өзіндей адам, несіне бұғасың: көрінбей келетін қауіпті жау бар, сенен де сақ, ұтып алар амалын тап, ақылдан түспе, ойланып істе, сақтанбасаң солардан, кетеріне мен кепіл, басыңда тұрған бақ” деген екен.[2]

Қазақстан Республикасы орталық ғылыми кітапханасының қол жазба қорындағы 364- бумада сақталған «Жидебай батырдың тарихы» атты жыр батыр туралы халықтық аңыздардың негізінде дүниеге келгені айқын аңғарылады. Жырдың басында қарасөз бен өлеңді араластыра отырып берілген шежірелік мағлұматтарды қазақ халқы ауызша тарихнамасының өзге де үлгілері қуаттап растайды, одан әрі қарай Жидебайдың жас кезінде шешесі өліп жетімдіктің зарын тартып, ақырында өгей шешесі тарапынан көрген зәбірі салдарынан 15 жасында елінен кетіп, Абылай бастаған қолға барып қосылып, алғашқы ұрыстың өзінде-ақ топ жарғандығы суреттелуі де – қазақ қаһармандық эпосының ұзақ уақыттағы дамуы барысында қалыптасқан типологиялық мотивтер. Батырлардың балалық шағы бітпей жатып алғашқы ерлігімен танылуы да арысы – әлем, берісі – түркі - моңғол халықтары эпосына тән ортақ сарым. Қаһармандық эпос көпшілігінде бас қаһарман 6-7, әрі кеткенде 10 жасында жорыққа аттанып, жалғыз өзі мыңдаған жауды жеңіп жатады. Соның айқын көрінісі осы томға енген «Жидебай батыр» мен «Олжабай батыр» жырының Е.Құлсариев жырлаған нұсқасында бас кейіпкерлердің алғашқы рет әскери қақтығысқа түсулері 15 жасында орын алғандығы баяндалады. Жас батыр Бұланты, Өлеңті өзендерінің аралығында болған, кейін “қалмақ қырғын” аталып кеткен шайқаста ханның да, халықтың да көзіне түседі. Оның үстіне тарихи- жыр кейіпкерлерінің өзге қаһармандардан басты айырмашылығы олардың қан майданда өзге батырлардың шамасы келмеген қалмақ батырын өлтіріп, қазақ әскерінің рухын көтеру арқылы бас батырға айналуы, ерліктің небір үлгілерімен талайды тамсантқандығы болып табылады. Ал, мыңдаған жауды жеңуде ол өзге де батыр серіктерімен тізе қоса отырып ерлік көрсетеді. Бұл жыр 1927 жылы Семей облысында жазылып алынған. [3]

Жидебай Қожаназарұлы – Қазақ мемлекеттігін қалыптастыруда айрықша тер төккен, халқына қадірі асқан, туған жерін азат етуде ерлік көрсеткен, сөзімен елді аузына қаратқан, ісімен халқын ұйытқан өз заманының аса ірі тұлғасы, қазақ тарихының көрнекті қайраткері. Қаз дауысты Қазыбек бидің: «Замана өтпес болсайшы, Жидекең өлмес болсайшы» дейтіні де, Г.Н.Потаниннің ел аузынан жазып алған «Сарыарқадай жер қайда, Жидебайдай ер қайда?» дейтіні де сондықтан.

Жер бетіндегі әр халықтың табынатын, қасиетті пір тұтатын адамдары болған, қос түлкісі қасиетіне айналған Жидебай батыр – өз заманындағы халқының бағдаршамы болып, тығырыққа тірелген ұрыс кезінде темірқазықтай бағыт беріп жол сілтеген ірі тұлға. 34 жыл ат үстінде жаукершілікке қатысып 100 жасаған баһадүр бабамыз, ғасырлар өтсе де, асқақ рухымен кешегі мен бүгінге жол сілтеп, сағы сынған пенделерге, адасқан жандарға үміт шырағын жағып келеді. Бұған дәлел, бүгінгі күнге дейін жалғыз қазақ емес, әр түрлі ұлттың өкілдері қысы – жазы Жидебай батыр мазарына арнайы келіп, аруағына бас иіп тағзым етіп жатады.[4]

Тарихта Жидебайдың Абылай ханның ерекше шолғыншы жасағын басқарған беделді де белді батыры болғандығы белгілі. Ел аузында Абылай хан алпыстан асқан Жидебай батырды Қарақожа еліне жорыққа жұмсағаны. Балқаш көлінің Ұзынарал тұсында су астында төселген тас өткелді тауып Жидебайдың өткені. Өткел арқылы кезінде Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткені. Үш ғасырға жуық ұмыт болған өткелді Жидебайдың ғана тапқаны. Сөйтіп, жауға тұтқиылдан тиіп, Қарақожа елін бағындырып қайтқаны. Қарақожа «Бұл жолды Жидебай ғана білсе керек еді, өткелден өткізген көзің шыққыр Жидебай екен ғой» дегені жайында аңыз сақталған.[5]

Шайқастары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақ халқының құбы қалмақ шапқыншылығына қарсы күресі бес жарым ғасырға, берісінде Жоңғар мемлекетімен соғысы екі ғасырға созылды. Ұзаққа созылған осы соғыстың жайы туралы әртүрлі аңыз, әңгіме жыр түрінде жеткен шежіре ұлан-ғайыр. Ойрат билеушісі Хара Хуланың баласы Батур қонтайшы бір орталыққа бағынған Жоңғар мемлекетін құрды. 1635-1653 ж. Батур қонтайшының тұсындағы алғашқы соғыс 1635 жылы болды. Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүр бастаған қазақ қолы жоңғарларға қарсы тұрды. Бұдан кейін 1652 жылы жоңғарлар үлкен дайындықпен келіп, тұтқиылдан шабуыл жасады. Қазақтар жеңіліс тауып қол бастаған Жәңгір хан опат болды. Осыдан бастап жоңғарлардың қазақ жеріне жорықтары үдей түсті.18 ғасырдың басында 1711 – 1712, 1714, 1718-1725, 1742 жылдары қазақ елі жоңғарлардан көп зардап шекті, солардың бірі Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама деген атпен ел есінде сақталған соғыс еді.[6] Тұтқиылдан тиген құба қалмақ қазақтарды солтүстік – батысқа қарай тықсырып тастады. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық қазақтары, башқұрттар жан – жақтан шабуыл жасап, қазақтардың жойылып кету қауіпі төнді. Осы кезеңде Тәуке хан сияқты ел басшысының керек екендігі көрінді. Тәуке (Тәуекел – Мұхаммед – Батыр хан) 1718 жылы қайтыс болған еді. Жоңғар хандығының билеушісі Сыбан Рабдан (1697–1727) ел басшысыз қалған осындай кезеңді шебер пайдаланды. Бұл тұста қазақ хандығы ішкі жағынан ыдырай бастаған болатын. Жеті жарғы бойынша тәртіпке салынған заң жүйесі бұзылып, береке,бірлік әлсірейді. 1723 жылдың қысы қазақ даласында қайың сауған ақ тышқан жыл болып халық қатты жұтайды. Осы жұттың көктемін қазаққа шабуыл жасаудың оңтайлы кезеңі деп тауып жоңғарлар жетпіс мың әскерімен жеті бағытта шабуылға шығады. Бірінші мыңдықты Сыбан Рабданның баласы Халдан Серен басқарады. Ол Балхаш көлі маңындағы елдерді шабады. Екінші түменге Сыбан Рабдан қонтайшының інісі Жолан Бату қолбасшылық етіп, Алтай, Емел аралығы арқылы Көктал өзеніне өтеді. Үшінші қолмен Сыбан Рабданның немересі Әмір Сана Нұра өзені бойында соғыс салады. Төртінші оқиға Халдан Сереннің баласы 18 жастағы Серен Доржа басшылық жасап, Шелек өзеніне жетеді. Бесінші онмыңдыққа Халдан Сереннің тағы бір баласы Дода Доржы ноян қолбасшы болып Шу өзеніне беттейді. Жетінші қолды Сыбан Рабданның өзі басқарып Іле өзеніне қарай өтеді. Барлық қолды бақылау, жетекшілік жасау Сыбан Рабданның інісі Шоны Добаға тапсырылды. Сөйтіп, жойқын соғыс басталады. Осыншама әскер, қыстағы ауыр жұт, елдің ішкі берекесіздігі қосылып қазақтардың бейберекет, ес – ақылынан айырылып босуына мәжбүр етеді. Қазақтар жан – жақтан көмек сұрайды. Бірақ ешкім көмек бермей қазақтар өз күшімен ұрыс салады. Соғыс ұзаққа созылып қырғын үдей түседі. Қазақтардың үштен екідейі қырылады. Осы тұста бірлік өте қажет еді. Батырлар қол жиып бас біріктіре бастайды. Жан – жақтағы күшті топтастыру үшін Ерасыл батыр (Қаракерей Қабанбай) бас батыр болып тағайындалады.

Батырлар келіп жатыр дамыл алмай,

Деген соң қол жинады ер Қабанбай.

Жапырып жау қалмақты қуамыз деп,

Келіпті қосынымен ер Бөгенбай.

Үзенгілес серіктері бірге жүрген

Қас батыр Әлтекеден Ер Жидебай

Сөз ұстарақылшысы би Қазыбек,

Үйсіннен іздеп келіпті Райымбек.

Бар екен ақ шабдар ат жетегінде,

Арнаған Орта жүздіңкөсеміне.

Жорыққа ер Жидекем мінеді деп,

Жидекеңнің ақ шабдар атты күтіп, баптап,

баққан орыны туралы марқұм Турағұл Жұмабайұлы ағамыз айтқан еді.[7]

Бұл жер Шет және Ақтоғай аудандарының аумағындағы Кеншоқы мен Балықтыбұлақтың арасында, жолдың оң қапталындағы бір шоғыр тал, терек өскен таудың қуысында екен, сілемі көрініп жатыр.[8]

Жидебай батыр шежірешілердің айтуынша алғаш рет Аңырақай ұрысына 1730 жылы қатысқан. Қалмақтарға күйрете соққы берген Аңырақай ұрысында батырлығымен көзге түскен Жидебай Абылай ханның сенімді серігі, беделді де белді батыры болған. Осы жорықта Жидебай батыр Бөгенбай жасағында болған. Әл-Машани ағамыздың айтуы бойынша, Балқаш қаласынан 18 шақырым жерде болған биік Қоңырат тауы бір кезде Жидебайдың Қарауыл шоқысы деп аталған екен.[9]

Төкіш (Төлепберді) Ақышев пен Әл – Машанидің «Қазақстанның тас қола дәуірі мирастары атты кітабындағы (Алматы 1996 ж.) «Алғашқы жер шалған бабалар» деген тақырыбындағы эпиграф: Атақты жер шолушы Абылайдың «Жидебайы» деп беріліпті. Тағы да осы кітапта: «Қанжығалы Бөгенбай – Жидебай батырмен бірге Абылай тобында болып, Шыңғыстау, Ертіс бойын жоңғарлардан тазартқан батырлар. Жидебай – Абай қыстауы – Жидебай батырдың шығыстағы бекінісі болған... «Болатқожа, Ақша- Түйте тұқымы бары 1760 жылдары Қазыбек би, Жидебай, Жарылғап батырлар бабалары Қаратау – Сыр бойындағы ежелгі қоныстарын тастап, Орталық Қазақстандағы Солтүстік Балхаш өңіріне, қазіргі Ақтоғай, Қарқаралы, Абыралы, Баянауыл жерлеріне қоныстанған» деп жазады атақты ғалымдар.

Батыр туралы «Бабалар сөзінде» (59 том), «Қазақ энциклопедиясында» Мәшһұр Жүсіптің «Қазақ шежіресінде» деген (7 том), Ә. Бөкейхановтың, C.Дубиннің, Ю.Поповтың еңбектерінде кеңінен баяндалған.[10] Адольф Янушкеевич Жидебай батыр туралы, Шыңғыстаудағы Жидебай қыстауы жөнінде Құнабайдан мол мағлұмат алған.

Елі мен жерін жаудан қорғауды басты мақсат етіп ұстанған Жидебай батыр Қожаназарұлының елу жылын ат үстінде өткізді. Өмірінің кейінгі отыз жылдан астам уақыты ел бірлігін сақтауға атсалысумен өткен. [10]

Жидекеңнің сөз шебері болғандығы жайлы ел ішінде талай-талай қызықты əңгімелер баршылық. Оның батыр ғана емес, өткір тілді шешен болуы, тереңнен толғап айтуы бірден-бір себеп болған. Сеңкібаймен, Тобықты Қаременде бимен дос-жар болған.

Сонымен бірге, батырдың көріпкелдік қасиеті болғандығын жасырмайды. Мұндай ерекшелігі бар адамдарды халық әулие санаған. Сондықтан, Жидебай көпшіліктің қиялында елі мен жерін жаудан қорғаған батыр ғана емес, әулие, қасиетті тұлға ретінде де сақталып қалған. Оның аңыздағы көрінісі қос қызыл түлкі арқылы бейнеленеді. Мұны жоғарыдағы әңгімеден де аңғаруға болады. Тағы бір қызығы осындай аңыздың желісі күні кешеге дейін сабақтастығын жоғалтпай жалғасын табуында жатыр. [11]

Тарихшылардың бағасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ғалым Әлкей Марғұлан халық батырлары жайында өз ойын тұжырымдай келе былай дейді: «Тарихи дәуірдің әлеуметтік жосындары, тұрмыстық тілегі, бейбітшілікпен күн кешуді арман етуі – елдің ең ізгі тілегі еді. Бірақ, халық көксеген бұл тілек өткен жаугершілік замандарда ұзақ ғасырлар ішінде орындала қоймайды. Көрші отырған жұрттардың бірімен бірі жауласуы ел қорғайтын алып ерлерді аса қажет етті».[12]

Жол көрсеткіш
Жидебай әулие күмбезі

Қайтыс болуы және кесенесі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Толық мақаласы: Жидебай батыр мазары

Жидебай батыр жүзге келіп қайтыс болған. Мәшһүр-Жүсіп қолжазбасымен Т. Ақышев, Н. Әбдуов зерттеулеріндегі мәліметтерді жинақтай қарастырсақ, Жидебай Қожаназарұлы Сыр бойындағы Қаратау өңірінде туып, Шет ауданына қарасты Ақсу-Аюлы тауының солтүстік батысында жерленген. Кесенесі Қарағанды облысы Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы кентінің солтүстігіндегі Шерубай-Нұра өзенінен 50 шақырым жерде орналасқан.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Шет өңiрiнің тарихи-мəдени ескерткіштері: фотошежір /Ред.Ж.С.Ақылбаев; мəтін авт.,құраст. М.С.Жакин.- Қарағанды: ҚарМУ-«ТАиС» ЖШС баспасы, 2004.- 152 б.
  2. Нұрбеков Х. Баба аруағына адалдық: Тағзым // Орт.Қазақстан.- 2004.-24 ақпан.-9 б.
  3. Шет өңiрiнің тарихи-мəдени ескерткіштері: фотошежіре /Ред.Ж.С.Ақылбаев; мəтін авт.,құраст. М.С.Жакин.- Қарағанды: ҚарМУ- «ТАиС» ЖШС баспасы, 2004.- 152 б.
  4. Жүністегі, К. Шырағдан [Мәтін] / К.Жүністегі. – Алматы: “Ел- шежіре” ҚҚҚ, 2007. – 122 б.
  5. Əбдуов М. Жидебай батыр //Білім жəне еңбек.- 1986.- N9.- 27-28 б.
  6. Артықбаев Ж.О., Жакин М.С. Шет өңiрiнiң тарихы.- Қарағанды: ҚарМУ, 1998.- 275 бет.
  7. Нұрбеков Х. Баба аруағына адалдық: Тағзым // Орт.Қазақстан.- 2004.-24 ақпан.-9 б.
  8. Шет өңiрiнің тарихи-мəдени ескерткіштері: фотошежіре /Ред.Ж.С.Ақылбаев; мəтін авт.,құраст. М.С.Жакин.- Қарағанды: ҚарМУ- «ТАиС» ЖШС баспасы, 2004.- 152 б.
  9. Жүністегі К. Құба белдер.-Қарағанды: ОПО «Полиграфия», 1996.-286 б.
  10. a b Казахский фольклор в собраний Г.Потанина, Алма Ата, изд. Наука 1972г.
  11. Артықбаев Ж.О., Жакин М.С. Шет өңiрiнiң тарихы.- Қарағанды:ҚарМУ, 1998.- 275 бет.
  12. Шет өңiрiнің тарихи-мəдени ескерткіштері: фотошежіре/Ред.Ж.С.Ақылбаев; мəтін авт.,құраст. М.С.Жакин.- Қарағанды: ҚарМУ- «ТАиС» ЖШС баспасы, 2004.- 152 б.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Жүнісұлы, Р. Жидебай батыр [Мәтін] / Р. Жүнісұлы // Егемен Қазақстан.-2013.- 27 сәуір (№116).- 4 б.
  2. Шет өңiрiнің тарихи-мəдени ескерткіштері: фотошежір /Ред.Ж.С.Ақылбаев; мəтін авт.,құраст. М.С.Жакин.- Қарағанды: ҚарМУ-«ТАиС» ЖШС баспасы, 2004.- 152 б.
  3. Қарағанды. Қарағaнды облысы: Энциклопедия. – Алматы: Атамұра,2006. – 265 бет4.
  4. Жүністегі, К. Шырағдан [Мәтін] / К.Жүністегі. – Алматы: “Ел- шежіре” ҚҚҚ, 2007. – 122 б.
  5. Адамбаев Б. Қазақтың шешендік өнері.- Алматы: Қазақ ССР-нің “Ғылым” баспасы, 1984.- 136 б.
  6. Артықбаев Ж.О., Жакин М.С. Шет өңiрiнiң тарихы.- Қарағанды: ҚарМУ, 1998.- 275 бет.
  7. Əбдуов М. Жидебай батыр //Білім жəне еңбек.- 1986.- N9.- 27-28 б.
  8. Жүністегі К. Құба белдер.-Қарағанды: ОПО «Полиграфия», 1996.-286 б.
  9. Нұрбеков Х. Баба аруағына адалдық: Тағзым // Орт.Қазақстан.- 2004.-24 ақпан.-9 б.
  10. Шет өңiрiнің тарихи-мəдени ескерткіштері: фотошежіре/Ред.Ж.С.Ақылбаев; мəтін авт.,құраст. М.С.Жакин.- Қарағанды: ҚарМУ- «ТАиС» ЖШС баспасы, 2004.- 152 б.
  11. Казахский фольклор в собраний Г.Потанина, Алма Ата, изд. Наука 1972г.