Жеңілдіктер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Жеңілдіктерқоғамдағы кейбір әлеуметтік топтардың, жеке азаматтардың көпшілікке арналған заңды міндеттердің кейбіреуінен ішінара босатылуы, не оларға мемлекет тарапынан түрлі артықшылықтардың берілуі. Көпшілікке арналған заңды міндеттердің кейбіреуінен ішінара босатылуы азаматтардың лауазымдық қызметіне, істейтін жұмыстарының кәсіптік ерекшелігіне, кейбір заң актілері мен үкімет қаулыларымен берілген артықшылықтарға байланысты болуы мүмкін. Мысалы, әскери, ағарту, ішкі істер саласы қызметкерлеріне берілетін жеңілдіктер осыған жатады. Тұрған жерінің табиғат жағдайларына, істейтін қызметінің кәсіптік ерекшеліктеріне байланысты жеңілдіктер беру азаматтардың еңбекақысына үстеме ақы қосу немесе кейбір тұрмыстық-коммуналдық өтемдерден босату арқылы жүргізіледі. Көп балалы отбасылар үшін егер еңбекақы мөлшері әр адамға есептегенде тиісті мөлшерден аз болған уақытта қосымша жәрдемақы тағайындалады. Істейтін қызметінің кәсіптік ерекшеліктері ескерілген кезде ол үшін кезекті еңбек демалысының мерзімі ұзартылуы, арнайы сауықтыру орындарына жолдама берілуі, зейнеткерлікке ерте шығатын жас мөлшері белгіленуі мүмкін. Жеңілдіктер уақытша және тұрақты болып бөлінеді. Жеңілдіктер беру мен оны тоқтату жергілікті басқару органдарының шешімімен үкімет қаулылары мен заң актілеріне сәйкес жүзеге асырылады. Жеңілдіктер беру арқылы мемлекет азаматтардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайларына көңіл бөліп, оны үнемі жақсартып отырады. [1][2]

Азаматтар немесе ұйымдар мен аймақтардың белгілі бір тобына, бекітілген тәртіптерді, міндеттерді орындаудан ішінара босату немесе оларды орындау жағдайын жеңілдетуге берілетін артықшылықтар, қосымша құқықтар. Мұндай артықшылықтар салықтарды (салық жеңілдіктері) төлеуден, басқа міндетті төлемдерді аударудан (мысалы, қоғамдық көлікте тегін жүру), барлығы үшін жалпы міндетті орындаудан және т.б. толық немесе ішінара босату нысанына ие болуы мүмкін. Мекенжайлық (атаулы) жеңілдіктер мемлекеттік органдардың шешімдері бойынша нақты адамдарға немесе ұйымдарға беріледі.[3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы,3 том
  2. Қаржы-экономика сөздігі. — Алматы: ҚР Білім және ғылым министрлігінің Экономика институты, «Зияткер» ЖШС, 2007. ISBN 978-601-215-003-2
  3. Орысша-қазақша заңдық түсіндірме сөздік-анықтамалық. — Алматы: «Жеті жарғы» баспасы, 2008 жыл. ISBN 9965-11-274-6