Жеміс ағашы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Гүлдеп тұрған алма ағашы

Жеміс ағаштарыжеміс өндіру мақсатымен қолдан өсірілетін және жабайы (көп жылдық) ағаштар, бұталар, лианалар.

Жеміс ағаштары орталық діңгек пен бұтақтар жиынтығынан құралады. Кейбір жеміс ағаштарының екі және одан да көп діңгегі болады. Діңгек — жеміс ағаштарының ортаңғы бөлігі, ол тамыр мойыншасынан басталып, жоғары бағытта тік орналасады. Сонымен қатар діңгек тамыр жүйесі мен сабақ жүйелерінің морфол. әрі функциялық байланыстарын қамтамасыз етеді. Діңгектің тамыр мойыншасынан бірінші тармақталған жанама бұтаққа дейінгі бөлігін — сидам, сидамнан жоғары соңғы жылғы өскінге дейінгі бөлігін — орталық жетекші, ал соңғы жылғы өсіндісін — бойөркен деп атайды. Сидам биіктігі сорттың өсу күшіне байланысты мынадай топтарға бөлінеді: сидамсыз (40 см-ге дейін), аласа (40 — 60 см), орташа (70 — 100 см), жоғары (130 см-ден жоғары) сидамды.

Жеміс ағаштарының бөрікбасы діңгекте орналасқан барлық жанама бұтақтар жиынтығынан құралады. Жеміс ағаштарынан Қазақстанда раушангүлділер тұқымдасы (алма, алмұрт, өрік, шабдалы, т.б.), жиделер тұқымдасы (жиде, тікенжиде), жаңғақтар тұқымдасы (грек жаңғағы), тұт тұқымдасы (тұт, т.б.) өсіріледі. Әсіресе, алма, алмұрт, шие ағаштарының маңызы зор. Солтүстік облыстарда алма ағашы, оңтүстікте, мұнымен қоса алмұрт, өрік, шие, шабдалы, жаңғақ өсіріледі. Бұлардың жемістері әрі тағам, әрі тамақ өнеркәсібінің шикізаты. Шекілдеуікті және сүйекті жеміс ағаштары құрамында қант, жаңғақ тәрізділерде май, тікенжидекте түрлі витамин көп.

Жеміс ағаштары селекциясымен Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты шұғылданады.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы,3 том