Жаңаөзен оқиғасы (1989 жыл)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту


Жаңаөзен оқиғасы
Орны Новый Узень, Маңғышлақ облысы,  КСРО
Күні 17 маусым 1989 – 28 маусым 1989
Мақсаты Қоғамдық жағдайды жақсарту, теңдікке қол жеткізу, басқа республикалардан келіп жұмыс істейтіндердің жергілікті халықтың дәстүрлерімен, мүддесімен санасу
Сипаттамасы Дүмпу, қақтығыс.
Өлгендер белгісіз
Нәтижесі жағдай тыныштанды

Жаңаөзен оқиғасы1989 жылы маусым айында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында болған жергілікті халықтың бас көтеруі. Бұл әлеуметтік кикілжіңнің шығуына басқа республикалардан келіп жұмыс істейтіндердің жергілікті халықтың дәстүрлерімен, мүддесімен санаспай, дөрекілік көрсетуі себеп болды.

Дүмпу жергілікті тұрғындар мен Кавказдан қоныс аударғандар арасындағы кикілжіңнен басталып, арты қақтығысқа ұласты. Қақтығыс құқық қорғау органдарының араласуымен басылды. Сырттан келгендердің көпшілігі қаладан кетуге мәжбүр болды. Бұл оқиғаның астарында жылдар бойы қордаланып, дұрыс шешімін таппаған тұрғын үй, мектепке дейінгі балалар мекемелеріндегі кезек, жастар арасындағы жұмыссыздық сияқты әлеуметтік мәселелер, сондай-ақ, мұнай мен газ өндірісін Мәскеудегі орталықтан басқаратын одақтық министрліктердің, әміршіл-әкімшіл жүйенің жергілікті тұрғындар арасынан кадрлар даярламай, жұмыс күштерін республикадан тыс жерлерден әкеліп, жергілікті халықтың мүддесін ескермей жүргізген сыңаржақ саясаты жатты.[1]

Солақай саясат нәтижесінде бірсыпыра артықшылыктарға ие болған Кавказдық ұлт-өкілдері мен қазақтар арасында әуелі төбелестен басталған араздық түнде үлкен толқуға ұласты. Ішкі істер бөлімі үйі қоршауға алынды. 17 маусым күні жағдай тіпті өршіп кетті. Қаладағы милиция қызметкерлері “Макаров” пистолеттерімен қаруландырылды. 18 маусымда үкімет қосымша арнайы ішкі істер әскерін шақыруға мәжбүр болды. Жедел түрде 250 арнаулы үйретілген әскер, 193 ішкі істер қызметкерлсрі келіп жетті. Олар АК автоматымен, 1 КС карабинімен, пистолетпен, “Черемуха" гранаттарымен, қалқан, дулығалармен қаруланған еді. 21 сағ. 40 минутта Қазақ КСР-і ішкі істер министрінің орынбасары генерал Зайцев қазақтарға қарсы оқ атуға бұйрық берді. 46 “Черемуха", 400 әскери автомат, 26 пистолет оғы атылды. Халық ішінен жараланғандар болды, бірақ қайтпаған халық тас, темір таяқшалармен қаруланып қарсы шабуылға шықты. Әскер кавказдықтарды қорғауына алып, қаладан шығарып әкетті. Қалада шұғыл түрде коменданттық сағат орнады.

Жаңаөзендегі оқиғадан хабарлы Құлсары, Шетпе, Жетібай, Маңғыстау, Ералы жұмысшы кенттері мен Ақтау қаласында да бас көтеру болып жатты. Құлсарыдан Атыраудан поезбен көмекке келе жатқан қазақ жасақшылар тобы орта жолдан ұсталып кері қайтарылды.

Жетібайдағы көтерілгендер арнаулы десант әскерінің күшімен қару қолданып таратылды. 19 маусымда Жаңаөзен қалалык партия комитеті үйі күн ұзаққа көтерілісшілер коршауында тұрды. Халық қала шетінде пикет үйлер тігіп бір топ жастар әскерге қарсы аңшы мылтығымен оқ атуға әрекеттенді. Бұларға қарсы карабиннен 4 рет оқ атылды.

Шарасы таусылған үкімет Алматыдан жазушылар Ә.Нұрпейісовты, Ә.Кекілбаевты, Ә.Әлімжановты, академик З.Қабдоловты алдырып, халықпен сөйлесуге жіберді. Жағдай осыдан кейін ғана сабасына түсе бастады. Жаңаөзендіктердің қаладағы кавказдық ұлт өкілдерін мүлдем алып кету туралы тілектері орындалды. Оқиға кезінде екі жақтан да адам өлімі болды. Оқиғаның ізін суытпай Нұрпейсов “Литературная газета”, Кекілбаев "Қазақ әдебиетінде” оқиғаның себеп салдарын ашқан мақалалар жариялады. Үкімет Жаңаөзен қаласы тұрғындарын толық жұмыспен қамтып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға бағытталған арнаулы қаулы қабылдады.[2][3]

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
  2. Маңғыстау энциклопедиясы. Алматы, 2008.
  3. https://www.youtube.com/watch?v=9Hrx2mfgP_4