Жарғақ қанаттылар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Жарғақ қанаттылар
Қазбалық ауқымы: Triassic – recent 251–0 Ma
Netelia sp.
Netelia sp.
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Жануарлар
Жамағаты: Буынаяқтылар
Табы: Жәндіктер
Кіші табы: Қанатты жәндіктер
Ықшам табы: Шаңкөбелектер
Сабы: Hymenoptera
Карл Линней, 1758
Кіші отрядлары

Жарғақ қанаттылар (Hymenoptera) — жәндіктер класының бір отряды.


Қазба қалдықтары триас кезеңінен бері сақталған, 300 мыңға дейін түрі Жер шарында кеңінен таралған. Жарғақ қанаттылар қондырма құрсақтылар (Phytorhaga), шағатын Жарғақ қанаттылар (Aculeata) және паразит Жарғақ қанаттылар (Parasіtіca) болып 3 отряд тармағына бөлінеді. Кейде соңғы екеуін біріктіріп — қынама (сабақты) құрсақтылар (Apocryta) деп атайды. Жарғақ қанаттылардың дене тұрқы 0,2 мм-ден 6 см-ге дейін. Ересектерінің 2 жұп жарғақ қанаттары болады, артқы кішілеу қанаттары алдыңғыларына ілгекшелермен жалғанады. Қанаттарының жүйкеленуі сирек, ересектерінің кейбір түрлерінде қанаттары айрылған. Төменгі сатыдағы Жарғақ қанаттылардың ауыз қуысы кеміргіш типті, жоғарғы сатыдағыларының ауыз қуысы кеміріп жалағыш немесе сорғыш типті болады. Аналықтарында болатын жұмыртқа салу өсіндісі шағатын Жарғақ қанаттыларда шағу органы — піскекке айналған. Жарғақ қанаттылар — толық түрленіп дамитын жануарлар. Тіршілік ету ерекшеліктері және ортаға бейімделуі әр түрлі. Табиғи экожүйелерде гүлді өсімдіктердің тозаңын тасымалдаушылар, буынаяқтылардың санын реттеуші жыртқыштар және паразиттер ретінде маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, Жарғақ қанаттылардың ішінде ұрпағына қамқорлық жасап, қауымдасып тіршілік ететін түрлер және орман шаруашылығы мен мәдени өсімдіктердің зиянкестері де кездеседі. Кейбір паразит түрлер (мысалы Trіchogramma evanescens) ауыл шаруашылығының зиянкестеріне қарсы биологиялық әдістермен күресу мақсатында пайдаланылады. Ал қолға үйретілген бал арасынан ерте замандардан бері емдік, тағамдық қасиеті бар бал алынады; қ. Ара.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. "Қазақ Энциклопедиясы"