Горди Хоу

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Горди Хоу
Gordon "Gordie" Howe

Мичиганда, 1966 ж.
Позициясы

оң жақ шабуылдаушы

Бойы

183 см

Салмағы

93 кг

Имек таяқ ұстауы

екі қолмен де

Азаматтығы

 Канада

Дүниеге келуі

31 наурыз 1928 (1928-03-31)
Флорал, Саскачеван, Канада

Қайтыс болуы

10 маусым 2016 (2016-06-10) (88 жас)
Силвания, Огайо, АҚШ

Карьерасы

1946–1971, 1973–1980, 1997—1998

Даңқ залында 1972 жылдан бері

Горди Хоу (1928—2016) — канадалық хоккейші, Стэнли кубогының төрт дүркін иегері. Хоккей әлеміндегі аты аңызға айналған ең белгілі тұлғалардың бірі Горди Хоу спорттың бұл түрімен елуден асқанша ойнауға болатынын дәлелдеп берді. Сондықтан да оны әріптестері мен жанкүйер жұрт осылай «Ердің ері» деп таниды.

Балалық шағы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Горди Хоу 1928 жылғы 31 наурызда Канаданың солтүстігінде өмірге келді. Жылдың бұл мезгілі мұнда нағыз қыс саналатын. Бұл туылғанда әкесі үйде жоқ еді, анасы дәрігерсіз өзі босанды. Бұл бүкіл Батыс әлемін Ұлы дағдарыс қыспаққа алып тұрған кезең-тін. Ал теріскейге алғаш көшіп келген пионерлердің қаталдығы мен өркөкіректігін қатты сақтап қалған әкесі жағдай қаншалықты қиын болса да, көлденең біреуден көмек алудан бас тартып, отбасын өзі асырап шығуға серт етті. Саскатаунда аға қоқыс жинаушы болып істейтін ол төрт ұлы мен бес қызын осылай өзі жеткізді. Горди кішкентайынан әке-шешесінің жоқшылықты айтып, шағынып отырғанын естімепті. Қайта балаларының бар тілектерін орындап тұруға жандарын салған. Соның арқасында Горди төрт жасында конькиге ие болды.

Бала кезінде ол айрықша батылдығымен көзге түсті. Сондықтан ылғи балалардың көбі тәуекел ете бермейтін ойындарға үйір келді. Ал мектепке барған бойында оқу орнының директоры Гордиді осындағы хоккей командасына тартты. Мұнда қақпашылықтан бастап барлық позицияларда ойнап шықты. Өз командасының құрамында мектеп оқушыларының «Батыстың барлық жұлдызы» турнирінде үш мәрте чемпион атанды. Осы кезде Гордиге жергілікті саудагер Роли Роуз назар аударып, оны Туыстас лига дегенге орналастырды. Бұл лигадағы командалардың бәрі ҰХЛ клубтарының аттарымен аталатын. Ал ойыншылары сондағы белгілі хоккейшілердің есімдерін иемденіп ойнайтын.

Хоккей әлеміне кіруі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Он бес жасында Горди Хоу «Нью-Йорк Рейнджерстің» жаттығу жиынына шақыру алды. Осында оны тіпті колледжге орналастырып, стипендия да белгіледі. Бірақ үйін қатты сағынған бала мұнда ұзақ тұрақтамады. Ал «Детройт Ред Уингзде» қалып қоюына бұл клубтың жасөспірімдер командасына өзімен бірге ойнаған бірнеше досын қоса шақырғандары әсер етті. Жасөспірімдер командасы мен фарм-клубта үш жылдай болған ол 1946 жылғы 16 қазанда «Детройттың» «Торонтомен» өткізген ойынында бірінші рет ересектер алаңында өнер көрсетті. Осыдан бастап ол кез келген команда үшін тірі нысанаға айналды. Өйткені, «Детройтпен» ойнаған әрбір клубтың жаттықтырушылары бірінші кезекте қандай да бір тәсілмен болса да Горди Хоуды ойыннан шығарып тастауды нығыздап тапсыратын. Сол себепті қарсы жақ ойыншылары оны аяған жоқ. Бұл оның жүйкесін қатты жұқартты. Сосын өзіне жәбір көрсетушілерге аямай соққы беретін. Сөйтіп жүріп, Лигадағы барлық дерлік ойыншылармен төбелесіп бітті. Осы шамада Горди бұлай ашық жауласудың да керек емес екенін тез түсінді. Ол енді төрешілерге байқатпай, қарсыласын шынтақпен қағып жіберетін айла тауып алды. Сол үшін де бір кездері «Шынтақ мырза» деген де ат алды.

Кейін Гордиге басқа ойыншылардың өздері де тиісе қоймайтын болды. Бұл орайда атақты Бобби Халлдың: «Гордимен қалжыңдасу жақсылыққа апармайды!» деген сөзі мәтел болып қалды. Бұл атақты ойыншыны кеңес жанкүйерлері 1973 жылы КСРО құрамасының Бүкіләлемдік хоккей лигасы (ВХА – кейін лига жойылып, НХЛ-мен қосылып кетті – Р.И.) командаларымен кездескен сериялары кезінде бірінші рет көрді. Ұзын бойлы, ірі денелі, шашы арқасын жауып, жалбырап жүретін бұл ойыншы біздің көрермендерге қатты ұнады. Ол шынында да мақтаса мақтауға тұратындай керемет хоккейші екен.

Білетіндер хоккейші Хоу мен күнделікті өмірдегі азамат Хоудың арасында аспан мен жердей айырмашылық барын айтады. Мұз айдынында барынша қатал, қатқыл, қатыгез, аяугершілік дегенді білмейтін Горди тіршілікте мейлінше кішік, инабатты, сыпайы, мәдениетті кісі көрінеді. Басында хоккеймен он маусым ғана айналыспақ болған ол ақыр соңында өзінің отыз чемпионаттан артық ойнап қойғанын білмей қалды. Бұл рекорд осы кезде дейін жаңартылған жоқ. Сол сияқты оның отыз екі маусым ішінде ойнаған 2411 ресми матчынан да әзір ешкімнің асып түсе алмайтын түрі бар.

Мамандар Горди Хоудың осынау ұзақ жылдарға созылған таңғажайып хоккейшілік өмірін үш кезеңге бөліп қарастыруға болатынын айтады. Бірінші кезең мұз үстінде оның атақты «конвейері» жарқырап көрініп тұрған шақпен тұспа-тұс келеді. Дегенмен, оның ең бір жарқын уақыты екінші кезеңмен байланысты қалыптасты. 1949/1950 жылғы маусымнан бастау алатын бұл «Детройттағы» кезеңде Горди жеті рет Лига чемпионы атанып, үш рет Стэнли Кубогын жеңіп алды. Ал үшінші кезең оның хоккейдегі соңғы онжылдығын қамтиды. Бұл мерзім «қарттықтың онжылдығы» деп те аталады. Осынау үш кезеңнің әрбірінде Хоу өзінше жарқырап көрінді. Бұл аралықта қызу қарқынды – ақылды кемеңгерлік, жылдамдықты тактикалық жаңа ойлау жүйелері алмастырды. Бірақ ойынының ақырына дейін Горди Хоу нағыз ойыншы болып қалды. Сондықтан хоккейдің керемет білгірі Эдамс ол туралы: «Гордиді ешкімге салыстыруға болмайды. ҰХЛ-да тамаша ойыншылар өте көп, бірақ Горди Үлкен лигада айрықша болып қала береді» дегенді бекер айтқан жоқ.

Стэнли Кубогының 1950 жылғы финалдық ойыны Американың «Детройт Ред Уингзі» мен Канаданың «Торонто Мэпл Лифе» командалары арасында ойналып жатты. Есеп 3:0 болып канадалықтар пайдасына шешіліп тұрған сәтте «Қызыл қанаттылар» қақпасына торонтолық шабуылшы Том Кеннеди құйынперен болып құйғыта шапты. Трибуна тым-тырыс бола қалды. Егер Том осы жолы есепті ұлғайта түсер болса, алаң иелері – детройттықтар ойын соңына дейін мұның қарымтасын қайтарып үлгере алмас еді. Міне, тап сол кезде Томның қарсы алдынан Горди Хоу шыға келді. Қатты жылдамдықпен бетпе-бет ұшырасқан екі хоккейші де сол бойы жерге құлап түсті. Сәлден кейін тек Кеннеди ғана орнынан тұрды. Ал құлаған жерін ілезде қызыл қан жуып кеткен Хоу қыбыр етпеді.

Артынша Горди аурухана жөнелтіліп, бас сүйегіне ота жасалды. Сол түні бүкіл Канада кірпік ілмеді. Тек өзінің хабар беретін уақыты біткеннен кейін де Горди Хоудың денсаулық жағдайын жұртқа хабарлап тұру үшін жұмысын жалғастырған радиостанса хоккейшінің өміріне енді қауіп жоқ екенін жеткізгеннен кейін ғана көпшіліктің тынысы кеңіп сала берді.

Жасы қанша ұлғая түссе де, Горди Хоу әріптестерінен еш кем түспей ойнай білді. Ол қырық үш жасында ҰХЛ-да ойыншылар алмасып жатқанда алаңға шыққанда да солардың арасында жұтылып кетпеді. Осы кезде Микита, Халл, ағайынды Маховличтер, Эспозито және Кларк қалай жарқыраса, ол да солай жарқылдады. Кейін балалары Мартимен және Маркпен бірге алаңға шыққанда да, оларға нағыз ұстаз бола білді. Ал 1979/1980 жылғы маусымда жасы 51-ге толғанда мансабын аяқтаған ол чемпионат қорытындысында 24 гол соғып, 56 дәл пас беріп, өзінің биігінен түспеген күйі кетті.