Вячеслав Александрович Медноногов

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Вячеслав Александрович Медноногов (7.1.1924, Ресей, Татарстан, Бугульма ауданы, Зай станциясы - 5.2.1997, Санкт-Петербург қаласы) - 2-дүниежүзілік соғысқа қатысушы, ұшқыш, подполковник, орыс.

1939 жылы Алматы темір жолы техникумының 2 курсын тәмамдағаннан кейін 1941 жылдың қыркүйегінде Кеңес әскері қатарына шақырылған. 1944 жылға дейін Кировабад әскери-авиация ұшқыштар мектебінде оқып, Тамбов әскери-авиация ұшқыштар мектебін бітірген (1944). Кіші лейтенант Медноногов Ұлы Отан соғысы жылдары 2-Беларусь майданына қарасты 4-әуе армиясы 4-штурмдық авиациялық корпустың 199-штурмдық авиация дивизиясы 783-штурмдық авиация полкі құрамында Беларусь, Польшаны азат етуге және Германия жеріндегі ұрыстарға қатысқан. «Ил-2» ұшағымен 93 ұшу сапарына шыққан Медноногов жаудың 5 танкісін, 1 бронетранспортеры, 48 автокөлігін, 22 темір жолы вагонын, 1 өткелді, 5 батареяны, 7 дзотты, 4 жанармай және оқ-дәрі қоймасын қиратып, жаудың 250-ге жуық әскері мен офицерін жойған.

Медноноговқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (18.8.1945). Соғыстан кейін Н.Е.Жуковский атындағы Әскери-әуе инженерлік академиясын (1954) бітірді. 1954-58 жылдары Дондағы Ростов қаласындағы №168 авиа зауытында ұшқыш-сынақшы қызметін атқарды. Онда «Ил-10М» ұшағын, «Ми-1» тікұшағын сынақтан өткізді. 1958- 61 жылы №64 Воронеж авиа зауытының ұшқыш-сынақшысы қызметінде жолаушылардың «Ан-10» және «Ан-12» әскери-көлік ұшақтарын сынауға қатысты. 1961 жылы запасқа шыққан. Бугульма қаласында Медноноговқа бюст орнатылған.

Ленин, Қызыл Ту, 2 рет 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, медальдармен марапатталған.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. А 31 Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет. ISBN 9965-893-73-Х