Бүркітке қатысты ырым, жора

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Бүркітке қатысты ырым, жора Аушы құс көк Тәңірінің елшісі, ол Күннен жаратылған, күннің еркесі, көктің иесі деп көп халықтың көне сенімінде аса жоғары дәріптейді. Бүркітке табыну күллі жануарлар мен адамзат әлемінен жоғары түрды. Оны аспан денелерімен шендестірді. Жыртқыш құстарды аса қадірлеген қазақтар сенімінде садақтың оғының жебесін "күшігеннің қойлық жүнімен" және "тазқараныңтайлықжүнімен" (қауырсынымен) ұштаса тік ұшады деп сенген,- деп жазды Ш.Уәлиханов. Біздің қазақтардағы үкі тағу да құс Тәңірдің елшісі, ол адамды қорғап жүрсін деген ырымның нышаны. Біздің қазіргі қазақ тіліндегі құт қону, басына бақ құс қону деген тіркестерде кездесетін "құт" сөзі құс қону, тәңірден береке келіп қону, көктен кут тусу" деген мәнде қолданылған құттың өзі тәңірлік сый-сияпаты деген танымның сарқыншағы деп айтуға жетелейді.

Ежелгі көшпенділерде хат-хабар алмасу кездерінде ресми іс құжаттарына тез жету, құстай үшып бару, шапшаңдық жылдамдықтың белгісі ретінде құстың қауырсынын тағып жіберетін туралы заттық айғақтар, жазба деректер бар. Баһадүр батырлар болат дулығасының шекесіне қыранның қауырсынын тағып жүрді. Ақсақ Темірдің, Шайбани ханның т.б. хандардың атақ-лауазымы да қыранға байланысты "Сахибқыран" деп аталған.

Ата-бабаларымыз бүркітке аң алдыру мақсатынан гөрі табыну, сиыну жағын басым ұстаған болар. Оны қастерлеп, қасиеттеп тұғырға қондырып, сылап-сипап, тамақтандырып, табыну, қағида шартын мықтап сақтай отырып, бағып-қаққан. Қадым заманнан бері қастерлеп, табынып келген бүркітті пір тұтқандығы соншал ық ол өлсе, иесі оны қау ырсын, мамығы, құйрығы, басы, тұяғымен, кейде "бітеу" немесе жара сойып, үй төріне қанатын кере іліп қояды. Бұл "бүркіттен пәле-жала, жыншайтан қашады" деген сенім-нанымның нышаны. Сол сияқты бүркіттің тұяғын, басын, қанатын түскиіз, бала бесігі, төрге іледі. Кейде бітеу сойылған бүркіт "терісінің" ішіне шөп тығып, тұлып жасап қоятын да салт болған.

Бүркіттің түлегі кезінде түскен қауырсындарын теріп алып кереге басына іліп қоятын салт бар. Бұл қауырсынды қастерлеушілік, әрі саятта құстың қауырсыны сынып, құстың ұшуына бөгет болса, кәдеге жарату деген сөз. Бүркіт қанатымен үй, кілем, сырмақ, басқа да дүниелерді сыпырмайды. Керісінше, оны жастыққа салып жатса бас ауырмайды, басты пәледен сақтайды, адам шошып оянбайды деп сенген халық санасынан берік орын алған.

Құстың саусақ, тырнақтарын түмар ретінде де, фетиштік зат ретінде де қазақтар аса қастерлеп пәле-жаладан сақтайтын киелі зат ретінде қолданған. Бүркіттен "жын-шайтан" қашады деген қазақтар балалардың бас киіміне, бешпентінің алдыңғы өңіріне бүркіт түяғын тағып, бесігіне бүркіт түяғын байлап қойған.

"Көтеріліп" ауырған, қатты шошынған аурулардың басына бүркіт қондырып емдейтін салт бар. Толғақты жеңілдету үшін үйге бүркітті әкеліп, қанатымен желпіп, қыранды көрсететін болған. Бұл бүркіттің киесі толғатқан әйел мен нәрестені жебесін дегеннен туған болса керек.

"Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай" деген аталы сөз содан қалса керек. Қазақтардағы осы құс танымының сарқыншағы "Бүркіт биі" бар. Адамның түсіне бүркіт енсе, онда мұратына жетудің нышаны, бойдақтар үйленеді, жұбайлар балалы болады деп сенген деп, жазады Р.Карутц.

Түрік тектес этностарда "құс тұмсық", "құс мұрын", "құс қаыат" т.б. қыран құстардың бейне келбетін кескіндеген ою- өрнектер көп. Ал қазақ балаларына, жер-суға көп қойылатын бүркітке байланысты аттар осы құсқа қатысты байырғы наным-сенімнің тікелей әсері деп бағалауға болады.

Сөйтіп құт-құс, Тәңір мен жер арасындағы адам баласына "жан беруші, қорғаушы, киелі елшісі, жебеп қорғаушысы" (медиатор) болып келген байырғытүріктанымының сарқыншағы осындай.

Қазақ халқы бүркітті аса қадірлеп, оны өздерінше төрт асылдың бірі деп санайды. Төрт асылға қозы қошқар, еккен егін, тазы күшік, балапан бүркіт жатады. Бұл төртеуі жасы жылға толмай тұрып адам керегіне жарап, қажетін өтейді.

Бүркіт қазақ қоғамында қоғамның бір жанды мүшесіне айналып кетеді. Сондықтан қапелімде мерт болған немесе ауылда өлген бүркіттің иесіне: "Ат өледі, құс қашады, екі қанат бір құйрық табылар, ажалы жетсе бәрі өледі"деп сабырлылыққа шақырады, көңіл айтады. Қазақта ертеректе өлген қыран құстың қанат, құйрығына май жағып, ақ, матаға орап, биік тay құздарына немесе адам аяғы баспайтын жерге арулап жерлейтін салт болған".

Бүркіт аң ала алмайды, ауырып мазасызданады тіптен ұшып кетуін көз тиген деп ырымдайды. Ондайда бүркітті "қырсық шалды" деп жанып тұрған оттың үстіне тұз шашып, бытырлаған дауыс ырғағымен оңнан солға қарай айналдырып: "Бисмилла, сырыс-сырыс, сырыс-сырыс! - деп жалбарыну айтып домдайтын. Құсбегілікке байланысты барлық құралжабдықтарды жинастырып, оларды адыраспан, арша сияқты қасиетті өсімдіктермен аластап, бәле-жаладан тазартады. Қазақ құсбегілері бүркіттің пірін Әулие Жалайыр Шора Ата деп табынады. Бүркіт ұстар алдында Әулие Шора Атаның әруағына тағзым етіп, құран оқытып, тілеуін тілеп, жеті нан пісіріп, құдайы тамақ таратып, құсбегі бабалардың әруағына сиынады.

Аңызға сенсек, Жалайыр Шора құс атаулының "тілін" білген, қырандардың мекені мен шабытты өрісін, қонағы мен ұясын, неге шабатын, нені алатынын білген екен. Тіптен төбеде үшып өткен құстың жасын, қырандығын ажырата алған. Құс атаулы: "Ұша берсем қанатым талады, Жерге туссем Жалайыр шора алады",- деп, зар қағады екен деген аңыз бар ел аузында.

Құс бегілігімен аты шыққан Найман Тіней туралы "Тінейдегі қасиет егіз екен Сары құспен, Шорадағы бар қасиет тілдес екен барша құспен" деген тәмсіл қалған. Баптаған құстары бұғы, маралға түсетін Тіней қайтыс болғанда Сары құсы иесінің зиратының басына барып қонақтап, іш құсадан өлген деседі.

Қазақ құсбегілері аса қыран құсты ұстағанда сатып, қалап алғанда бүркіттің құйрық қауырсынын, қанатын майлап, иығына шоқ үкі тағып, ақсарбас малын айтып сойып, тілеу тілеп, шашу шашып, сүйінші сұрайтын жақсы салт бар. Ауыл ақсақалдары мен кәнігі адамдарға сынатып, "бүркіттің құйрығын майлау" тойын жасайды. Ондайда ауқаттылар жағы ақсарбас атаса, қарт құсбегілер өздерінің ескі құс жабдықтарын көрімдік ретінде сыйға тартады. Ертеректе күзде саят уақыты басталардан бұрын аушы құсқа арнап құрбандық береді: әркім өзінің шама-шарқына қарай тарту ұсынады, ауқаттылар қой сойып, бүркіт торын "қандайды" (торға қан жағады).

Қазақ халқы үйге қыран құс келгенде Қызыр Бабаның ерекше сыйлығы деп, сонымен қатар үйге бақ-береке келді деп шын жүректен қуанып, жақсылыққа жорыған. Сондай-ақ қазақтарда бөгде біреу бүркітімен ауылға келсе, құсының иығына үкі тағатын немесе ақ шүберектен ақтық тағатын архаикалық ғұрып бар.

Құсбегінің құсы алғаш рет аңға ұшуын "құс аяқтанды" деген, ал ұстаған аңын "тырнақалды" деп атайды, ал саяттағы алғаш аң алуын "бауашар" атап, оларға арнайы кәде жасайды. Яғни, ауыл адамдары құс пен құсбегіні қарсы алып, шашу шашады.

Құс ұстайтын торды құрар алдында қазақ құсбегілері тоқылған торды өз үйінің есігінің маңдайшасынан іліп, етегін екі босағадан салбыратып түсіріп қояды. Бұл әрекеттің аңшылар ырымында асты-үстінен адамжанасып, көп аттаған жабдық түзде құр жатпай, жолы ашылып, құс тез түседі деп сенгендіктен.

Бүркіттің тұғырына адам отыруға болмайды. Атадан балаға мүрагерлікке қалдырылатын киелі зат деп танылады. Қазақта: "Ат өлсе ер-тоқым үйіледі, құс өлсе түғыр күйінеді"- деген аталы сөз тұғырды бос қоймай, ұдайы қолдану қажет деген қағи даны меңзейді және біреу құс ұстап алып келсе, міндетті түрде тарту еткендігін білдіреді.

Киіз үйдің қанатынан ұраңқайлап тіккен "бүркіт қосы" қасиетті деп саналатындықтан оған кірген адам міндетті түрде даусын соза сәлем беріп бас сұғады. Ал киіз үйдің оң жағында бүркіт болса шаңыраққа бір сәлемнен кейін, бүркітке қарай бұрылып оған да сәлем береді.

Аушы құсқа тамақтві тек ағаш ыдыспен ғана береді. Егер темір ыдыстан жем берсе, қыранның сағын сындырады деп, оған тыйым жасайды.

Саятқа шыққан аңшыны қазақ дәстүрінде аттандырмайды. Тек кетіп бара жатқанда: "Жолдарың болсын! Саяттарың сай болсын, қапжығаларың май болсын! - дегендей тілек айтады. Саят кезінде бөгде біреу кездессе аңшылар Байлансын-ақ;" дейсіңдер. Ал сәлем-тілекті бөгде адам бұрын айтса, аңшылар "Майлы шұжық айлансын-ак? деп тілектестік білдіреді.

Сондай-ақ қазақ құсбегілері қолындағы қыран құсы өлгенде дауыс шығарып жылап, жоқтау айтып, қайғыланған. Қазақ құсбегілері қыран құсы өлгенде кез келген жерге жерлей салмаған. Өлген құстың сүйегін биік қарағай немесе тағы басқа ағаш бастарына іліп қойған. Олай болмаған жағдайда қыранның өзі түлеп ұшқан ұясының маңына арулап жерлеген.

Көп жыл серік болған құсын қариялар қартайса да құрметтеп үй жанында ұстайды. Ал қайраты қайтқан қыранды құс тебінен қатты" деп қоя беретін де дәстүр бар.

Бүркіт - адамдарға бақыт әкеледі, егерәки ол жол үстінде кездесіп қалатын болса, жолы сәтті болады. Егер өшіксе, сол адам айықпас ауруға ұшырайды.

Халық ұғымында бүркіт бірнеше жыл қатарынан ұя салып, балапандарын басып шығарған ағаш қасиетті деп есептеледі. Оның ұясын бұзған адам бақытсыздыққа ұшырайды. Бүркіттің ұясын сипап, оған табынып, бала сұраған әйелдің баласы болады, әрі ол бүркіттей батыл, ер жүрек келеді. Бүркіттің түсіп қалған жүндерін жинап әкеліп, үйге іліп қойса, пәле-жала жоламайды. Парсылар күні бүгінге дейін егін бітік шықсын деп құс жүн-қауырсындарын егін сепкен кезде шашады."

Біреудің қыран құсына көзі түсіп, көңілі ауса оны қалап сұрап алады. Оның қарымтасына беретін кәдені"тұғыр жабар" деп атайды. Оның көлемі XIX ғасырдың соңында өте қымбат болған: бүркіттің алғырлығына қарай, аталық түйе бастатқан тоғыздан бастап, 5 -6 түйеге тең келген. Жақсы бапталған қыран бүркіт үшін Шу мен Сырдарияда 5 -6 түйе, қаршыға мен сұңқар 1-2 түйеге бағаланған. Семей губерниясында жақсы бүркітке 250-300 сом немесе 1000 бас қой берген (Г.Загряжский дерегі, 1874 ж). Ал Зайсан уезінде XX ғ. басында жақсы қыран бүркіт үшін ауқаттылар 5-9 түйе немесе 200 бас қой немесе 300-500 сом ақша төлеп сатып алған. Ал сұңқар 1-2 түйе, қаршыға онан арзандау болған. А.Янушкевич дерегі бойынша жай бүркітті қазақтар XIX ғ ортасын да бір түйе, тіптен онан да көп беріп сатып алған. Ұлы Абай Сыбан елінің Тулақ деген адамынан Қарашолақ деген бүркітті оншақты ірі қараға сатып алғандығы көпке белгілі дерек. 1910 жылғы "Туркестанские ведомости" бетінде (№247) бүркіт бағасы 200 сом екендігі көрсетілсе, құсбегілердің қаршығаны Қоқан ханына апарып, 200 тілләдан (1 тіллә 3 сом 80 тивгаға тең) сатқандығы айтыладві. Жайық бойында бүркіттің бағасы бір арба бидайға тең келген. Тіптен XX ғ орта шенінде Қобда қазақтары алғыр бүркітті ту сиыр бастатқан бір топ қойға сатып алғандығы туралві дерек бар. Қазақта аушы құсты алғырлығы мен қырандығына қарай қысырақтық, жамбылық, бір аттық, тайлық, түйелік деп құнын белгілеген. Кейін жаппай кәсіпке айналған құс саудасы Түркістан базарында бапталмаған лашын 10-15 COM, үйретілгені 80-100 сомға дейін болған. Базарға сонау Башқұртстаннан бастап, Жетісу, Ферғана тауларынан аулап, арнайы әкелген Жақсы үйретілген тұйғын құны қымбат, 200 сомға дейін жеткен.

Көңілі түскен адамға аушы құсты да сыйға тартқан. Айталық, атақты Әлібек батыр жылына алпыс түлкі, он қарсақ, он екі қасқыр алған құсын құлагер аты мерт болған жылы қолынан босатып қоя бергендігін әр қазақ жақсы біледі. Ұлы Абайдың Қарашолақ, Көкшегір деген құстары болғандығы мәлім. Қараханлылар кезеңінде салынған медресе, керуен сарай, мешіттердің кірер қақпаларында немесе қабырғаларында жеті бұтақты өмір ағашы бейнеленіп, оны екі арыстан күзетіп, екі басты бүркіттің ағашқа қонып отырған бейнелерін кездестіруге болады. Бұл жерде бүркіт ең күшті, алып құс. Ол адам өлгенде оның рухын қанатына салып, жеті қат көктен алып өтіп Аллаға жеткізуші деп санаған.

Құсбегілік өнердің мұсылман елдерінде ерте кезден қолдануына қарай шариғаттада орын алған. Құсбегілік жөнінде Хадистерде былай делінген:

- Шариғат бойынша, құс иесінің көз алдында ғана аң аулау керек. Сонымен қатар алған аңын иесі барғанша жеп қоймау керек;

- Шариғат бойынша, құсты әрбір аңға не құсқа жіберген
сайын Алладан рұқсат сұрау керек. Қыран құсты аңға немесе
құсқа жіберген сәтте міндетті түрде құсбегі "Биссимилаһирахмани-рахим" деу керек.

- Қыран құс алған аң-құсты "Сенің жызығың жоқ" деп бауыздау керек.

- Шариғат бойынша қолда үйретілген сұңқарды жөн-
жоқсыз құстарға салмайды.

- Хадисте былай деп жазылған: "Қолдағы қыран құсыңды
еш уақытта азықтан қысып, ашықтырма, қарны тоқ болсын
және дұрыс тәрбие бер".

- Қолға түскен тұз құсын егер қыран болмаса, міндетті түрде оны қинамай бостандыққа жіберу керек. Сондай-ақ
қолда ұстаған сұңқарды бес-алты жастан кейін бостандыққа
жіберу керек. Себебі ол да өз ұрпағын қалдыруға тиіс.
Шариғат бойынша қыран құстың үясын бүзған адамға
ешкім де сәлем бермеген және ол адамға ешқашан қыран құсты
тәрбиелеу өнерінің құпиясын айтпаған.

Сайып келгенде, аушы құсты қолға ұстап алу, үйрету, баулып аңға салу көлденең өткен көк аттыға жолыға бермейтін, әркімнің пешенесіне жазылмайтын қадірлі де, қасиетті құбылыс. Сондықтан да дәстүрлі қазақ қоғамында Тәңірден берген ерекше бұл сыйды басқаға сыйлау, сатуға онша құлықтылық танытпауы былай тұрсын, құсбегіліктің қыры мен сырын бөгдеге үйрете бермейді. Отбасылық әулеттік сипаттағы бұл өнерді өз үрпағына аманаттап үйретіп, құсбегілікте қолданған құрал-жабдықтарымен қоса үйреткен құпия қыр-сырын "мұрагерлікке" қалдыратын, кие тұтатын өнер.

Қазіргі заманда құсбегілер ата-бабалардың ұрпақтан ұрпаққа қалдырған салт-дәстүрін өскелең заман талабына сай жалғастыру мақсатында сыйлап, ерекше құрметпен қарайды. [1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы. - Алматы: "Алматыкітап", 2007. - 208 бет, суретті. Б. Хинаят, Қ.М. Исабеков. ISBN 9965-24-813-3