Бургундия

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Бургундия флагы
Бургундардың орналасуы

Бургундия (Bourgogne) — Франциядағы тарихи аймақ, орта ғасырларда осы аттас мемлекеттің орталығы болған.


Жері 31 мың км²-ден астам. Халқы 1,6 млн (1988). Орталығы Дижон қаласы. Бұл аймаққа 5 ғасырда германдардың бургун тайпасы келіп қоныстанды да, орталығы Лион қаласы болған Бургундия корольдігін құрды. 6 ғасырда корольдік Бургундия деген атпен Франк мемлекетінің құрамына кірді. Франк мемлекеті ыдырағаннан кейін 9 ғасырда Бургундия герцогтығы құрылып, француз корольдеріне вассалды тәуелдікте болды. 14 — 15 ғасырларда Бургундия герцогтары Францияның Жүз жылдық соғыс кезіндегі (1337 — 1453) аса ауыр жағдайын пайдаланып, дербес саясат жүргізді. Жергілікті қала тұрғындарының қолдауымен олар ағылшын және француз корольдерімен кезек-кезек одақтаса отырып, төңірегіндегі ұсақ графтықтарды күшпен өздеріне қосып алды, сөйтіп Қайырымды Филипп (Felіpe of Bueno) заманында (1419 — 1467) Еуропадағы аса қуатты мемлекеттердің біріне айналды. Ол Францияға бағынғысы келмеген бүлікшіл феодалдарды өз жақтарына шығарып алды және Эно, Нидерланд, Зеландия, Брабайт, Лимбург, Люксембургті өзіне қосып алып, Эльзас пен Лотарингияны басып алуға тырысты. Бұл Франциямен екі арада болған бургун соғысына (1474 — 1477) алып келді. Этн. құрамы әр түрлі әрі өзара саяси-экономикалық байланыстары нашар болғандықтан бұл соғыста Бургундия күйрей жеңіліп, мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатып, Францияның провинциясына айналды. 1780 жылы Бургундия провинциясы Сона мен Луара, Эн, Кот-д’ор, Йонна департаменттеріне бөлінді.


Бургундия орта ғасырлардағы Еуропа мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосты. 11 — 12 ғасырларда роман стиліндегі архитектураның негізгі орталығы болды. Осы стильде салынған шіркеулер күні бүгінге дейін өзі орналасқан жерге көрік беруде әрі тарихи ескерткіштер ретінде бағаланады.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “Қазақ Энциклопедиясы”, ||-том