Барін

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Моңғол тайпалары

Барін (баарын, баарін, байрін) — ежелгі тайпа. Барін туралы алғашқы мағлұматтар 1241 жылы жазылған “Моңғол ун ниуча тобчи’ан” атты шығармада кездеседі. Рашид әд-Диннің (14 ғасырда) айтуынша, Барін — моңғолдардың жергілікті нирун руына жатқан және дурбундармен (ойраттар) туыстас. Тарихи жазбаларда Баріннен шыққан бірнеше адамның есімі кездеседі. Соның бірі — Шыңғыс хан заманындағы Наяка ноян. Шыңғыс ханды жақтайтындар мен тайджиуттар арасындағы биілікке таласқан қиян-кескі жанжалдарда Баріндердің басшысы Ширгуэту эбуген одақтасы тайджиуттерді тастап, Шыңғыс хан жағына шыққан. Соның балаларының бірі Наяка-ноян екен. Жылнамашылар оны оң қанаттың әмірі, шихнэ (билеуші) дәрежесіндегі құрметті адам деп атайды. Кейін Барін тайпасының өкілдері Құбалай ханға қызмет еткен. Ал, Хулагу хан Иранға жорық жасаған уақытта Баріндер оның әскері құрамында болды және хан сарайында жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Қай ханның тұсында болса да Баріндердің барлық бетке ұстар адамдары Шыңғыс хан империясы әскерінің оң қанатына қызмет атқарса керек. Барін тайпасының бір бөлігі (Барін, байрін түрінде) Моғолстан жерінде (17 ғасырға дейін) болғаны кейінгі мағлұматтарда айтылады. Ғалымдардың пікірінше, мүлде түріктеніп кеткен дәл осы Барін тайпасы қырғыз халқының да құрамына енген. Қырғыздарда “баарын” атты ру осы күнге дейін бар.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Энциклопедиясы