Балаларды қорғау

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
A.
A.

Балаларды қорғау — балаларды әлеуметтік-экономикалық және құқықтық қорғаудың халықаралық және отандық жүйелері. Балаларды қорғаудың халықаралық күні 1949 жылы қарашада Әйелдердің халықаралық демократия федерациясы кеңесінің сессиясында қабылданған. 1950 жылдан бастап маусымның 1-Дүниежүзілік балаларды қорғау күні болып атап өтіледі. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1989 жылы Бала құқықтары жөнінде конвенция қабылдады. Ондағы басты мәселелер: балаларды (2—18 жас) соғыс қаупінен қорғау, денсаулығын сақтау, демократия негізде тәрбие, білім беруді жүзеге асыру идеялары. Осы конвенция негізінде ҚР Конституциясында Балаларды қорғаудың құқықтық негізін бекіту, отбасын қолдау, аналарды қамтамасыздандыру, ерекше қиын жағдайға душар болған балаларды қамқорлыққа алу шараларын жүзеге асыру міндеттелген. Қазақстанда балалар құқығын қорғау, жетім балаларды қамқорлыққа алу ісінде “Бөбек” қоры жемісті жұмыстар атқарды. Алматы қаласында Ана мен бала денсаулығын қорғаудың республика ғылым-зерттеушілер орталығы жұмыс істейді (қазіргі Ана мен бала ғылыми-зерттеу орталығы). Қазақстанда көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына, ақыл-есі кеміс, жетім, ата-анасының қарауынсыз қалған балаларға, соқыр және нашар көретін балаларға, психикалық, интеллектуалдық дамуы тежелген балаларға, саңырау балаларға арналған арнаулы мектеп-интернаттар жұмыс істейді. Бұл арнаулы мекемелер тәрбиеленушілердің өз кемшіліктерінің орнын толтыру дағдыларын қалыптастырып, әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз етеді. Оларды тәуелсіз өмір сүруге, еңбек етуге даярлайды. Арнаулы мектеп-интернатты бітірушілер жалпы білім беретін бағдарлама негізінде білім алып, белгіленген үлгідегі куәлік алады.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, II том;