Астероид

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Ең үлкен астероидтар
Ең үлкен астероидтар

Астероид (гр. ἀστεροειδής – жұлдызсияқтылар) — газ-тозаңды бұлттардың эволюциясы барысында пайда болған Күн жүйесіндегі кіші денелер, кіші планеталар деп те аталады.

Бірінші астероидты 1801 жылы 1 қаңтарда италиялық астроном Джузеппе Пьяцци ашты, оны Церера деп атады. 1802 жылы астрономиямен айналысатын неміс дәрігері Ольберс Церераға жақын аймақтан жаңа аспан денесін тауып, оның атауын Паллада деп қояды. 1804 жылы Юнона, 1807 жылы Веста табылды. Кішкентай планеталарды Уильям Гершель астероид яғни «жұлдыз іспетті» деп атауды ұсынды.

Бастапқы кезде құдайлардың аттарымен аталған астероидтарға кейін ұлы адамдардың есімі берілді. Астероидтар табылғанда оған ашылған жылы көрсетілген белгі тағылады. Астероидтың орбитасы есептелген соң тұрақты номер және аты беріледі.

Есептеулер бойынша Күн жүйесінде 1,1-ден 1,9 миллионға дейін радиусы 1 шақырымнан асатын денелер бар. Қазіргі уақытта анықталған астероидтардың көбісі Марс пен Юпитердің арасында орналасқан астероидтар белдеуінде орналасқан. Астероидтық белдеудің жалпы массасы жуық есеппен алғанда 3,0—3,6·1021 кг құрайды. Бұл Ай массасының 4%-н ғана құрайды.

Орбитаға байланысты жіктелуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Астероид орбиталарының шеңберден өзгешілігі аз, сондықтан астероидтардың көпшілігі Күн жүйесінің ішкі аймағына кірмейді. Бірақ кейбір астероидтар Күнге жақын келіп немесе Сатурн орбитасының сыртына шығып кетеді. Юпитер орбитасы бойымен планетаның алдында және артында қозғалатын астероидтардың екі тобы бар. Олар «Гректер» мен «Трояндықтар» деп аталады. Олардың айналу периоды Юпитердің айналу периодына сәйкес келеді және орбитадағы орны аспан механикасының теориясын құрушы Лагранждың тапқан заңы бойынша есептеп шығарған нәтижесінен ауытқымайды.

Спектрлік түрлері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Құрамы жағынан астероидтар келесі үш негізгі спектрлік түрге бөлінеді: көміртекті C, силикатты S және металды M астероидтары.

C спектрлік түріндегі астероидтардың альбедосы өте төмен, яғни олардан аз жарық шағылады, және телескоппен бақылағанда, олар қараңғылау болып көрінеді. S астероидтары керісінше жарық болады, яғни альбедосы жоғары болып келеді. M астероидтары никель мен темірге бай, олардың альбедо көрсеткіші орташа шамаларда орналасады.[1]

Бұдан басқа да спектрлік түрлер бар, бірақ оларға жатқызылатын астероидтар салыстырмалы түрде сирек кездеседі.

Пайда болуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Көпшілік қабылдаған теория бойынша, планеталар пайда бола бастаған кезеңде Марс пен Юпитер аралығында ғарыштық тозаңның аккрециясына Юпитердің гравитациялық өрісі кедергілер келтіріп жүрген. Сондықтан планетезимальдар одан ірі нысандарға айнала алмаған және көптеген соқтығысулар нәтижесінде шағылып, ұсақталып қалатын.[2]

Кейбір ерекше астероидтар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Атауы Диаметр (шақырым) Ашылуы Деректер
(1) Церера 939 1 қаңтар 1801 Алғашқы ашылған астероид, қазір ергежейлі планета деп саналады
(4) Веста 529 29 наурыз 1807 Жер бетінен көзбен бақылауға болатын жалғыз астероид,
Церерадан кейін ең үлкені және ең салмақтысы (V спектрлік түрі)
(10) Гигея 431 ± 7 12 сәуір 1849 C спектрлік түрінде ең үлкен астероид
(15) Эвномия 268 29 шілде 1851 S спектрлік түрінде ең үлкен астероид
(16) Психея 186 17 наурыз 1852 M спектрлік түрінде ең үлкен астероид[3]
(87) Сильвия 261 16 мамыр 1866 Жанында екі серігі ашылған алғашқы астероид (2005 жылы анықталды)
(90) Антиопа 80 1 қазан 1866 Алғашқы ашылған қосарлы астероид (2000 жылы анықталды)
(243) Ида 56×24×21 29 қыркүйек 1884 Серігі бар екені анықталған алғашқы астероид (1993 жылы анықталды)
(323) Брюсия 36 22 желтоқсан 1891 Астрофотография әдісімен ашылған алғашқы астероид
(433) Эрос 13×13×33 13 тамыз 1898 Алғашқы ашылған Жерге жақын астероид, ғарыш кемесі қонған алғашқы астероид, жасандысерігі болған алғашқы астероид (қ. NEAR Shoemaker)
(588) Ахиллес 135,5 22 ақпан 1906 Юпитердің жанында ашылған алғашқы троян астероиды
(624) Гектор 370×195 10 ақпан 1907 Юпитер трояндықтарының ішінде ең үлкені
(846) Липперта 52,4 26 қараша 1916 Өз осімен ең баяу айналатын астероидтардың бірі (1641 сағат ішінде)
(951) Гаспра 12,2 30 шілде 1916 Ғарыш кемесі ұшып барған алғашқы астероид
(1566) Икар 1,4 27 маусым 1949 Меркурий орбитасын кесіп өтетін бірінші белгілі астероиды
(1902) Шапошников 97 18 сәуір 1972 Диаметрі 100 шақырымнан асатын соңғы белгілі астероид
(3200) Фаэтон 5 11 қазан 1983 Ғарыштан ашылған алғашқы астероид
(5261) Эврика ~2–4 20 маусым 1990 Марстың жанында ашылған алғашқы троян астероиды
(7968) Эльст — Писарро 3,8 14 шілде 1996 Кометалық белсенділігі байқалған алғашқы астероид
(25143) Итокава 1,3 26 қыркүйек 1998 Тозаң үлгісі ғарыш кемесімен Жерге жеткізілген алғашқы астероид (қ. Хаябуса)
2010 TK7 ~0,3 қазан 2010 Жердің жанында ашылған алғашқы троян астероиды
P/2013 R3 қыркүйек 2013 Ыдырауы бақыланған алғашқы астероид
2014 RC ~0,017 1 қыркүйек 2014 Өз осімен ең жылдам айналатын астероид (16,2 секунд ішінде)

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Asteroids: Overview, Abstracts, and Bibliography — Nova Science Publishers, 2002. — P. 2. — ISBN 978-1-59033-482-9.
  2. Redd, Nola Taylor Asteroid Belt: Facts & Information. Space.com (11 маусым 2012).
  3. P. Vernazza et al. (2021) VLT/SPHERE imaging survey of the largest main-belt asteroids: Final results and synthesis. Astronomy & Astrophysics 54, A56