Алланың өзі де рас, сөзі де рас...

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас...» - Абайдың 1902 ж. жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 14 шумақтан тұрады. Көлемі 56 жол. Қазақ топырағында Абайға дейін Алланы тану мәселесімен арнайы шұғылданған ойшыл болмаған. Өзін сопылармыз деп атаған тақуалар (әулиелер) да «Алла бір, пайғамбар хақ» дегеннен аспаған. «Алла» бір, неліктен «пайғамбар хақ» деп мәселе нақтылы қойылмаған. Бір сөзбен айтқанда, сенім мен таным арасы ажыратылмаған. Абай болса, Аллаға сену мен оны тану бір ұғым деп қарамайды. Сенім - діни қағида, таным - гносеологиялық ұғым. Алғашқысы, діни идеологияға негіз болса, соңғысы діни философияның категориясы. Бірақ Аллаға сену және оны тану мәселелері - діни сана ауқымындағы үғымдар. Сондықтан осы мәселелермен айналысқан, пікір айтқан адамдарды біз бүгінгі күні діни ойшылдар деп жүрміз. Олай болса, Абайды да діни ойшыл (философ) десек, оны не мадақтаған, не даттағанымыз емес, нақтылы шындық туралы айтылған пікіріміз болса керек. Абай Алланың насихатшысы емес, оны танушы, зерттеуші ойшыл. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас» деп, Абай мәселені діни сана ауқымында қарастырып, бірақ Алланың растығына айырықша көңіл бөлген. Ақын «рас» деген түсінікпен нені айтқалы отыр. Бұл - бір мәселе. Сонымен бірге Алланың өзі ғана рас емес, сөзі де рас дегенде нені меңзеп отыр. Бұл, біріншіден туындайтын екінші мәселе. «Рас» деген қандай болмасын заттың, құбылыстың мәнін, әрі сапалық мөлшерін білдіре алатын өлшем. Заттың рас болуы да, болмауы да мүмкін. Алғашқыда рас болып айқындалған зат, келе-келе мәнсіздене рас емеске айналуы ықтимал. Бірақ рас заттың рас емеске өтуі де рас. Демек, растың бір-ақ мәні бар, ол оның растығы. Бұл «рас» ұғымының бір қыры. «Растың» екінші қырына келсек, сонда растың растығын тану мәселесіне тірелеміз. Бұл философиялық мәселе. Растың растығын тани алмасақ, ол жөнінде не айтуға болады. Онда Алланың барлығына сенуден өзге амал жоқ. Бірақ Абай Алланы рас дегенде, оны ақиқат деп отырған жоқ, танылатын мүмкіндік болмыс ретінде қарастырған.
Абайдың өлеңінің екі жолында «расты» үш рет қолдануы тегін емес. Ол өлеңді қабылдаушының ойына өріс бергендік. «Алланың өзі де рас емес, сөзі де рас», ал керісінше ойланып көрелік. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас емес» - сонда «рас» не болғаны. Ақылың бар, сана-сезімің бар, ойлан, түйсін. Алладан өзге қандай расың бар. «Алланың өзі де рас...» - осылай өткен тарихта болған, қазір де солай, болашақта да солай бола бермек. «Рас» бұл мәнінде мәңгіліктің өлшемі. Алла рас, демек, ол мәңгілік - шындық, оның растығы - мәңгіліктігінде.
«Растың» келесі қыры. «Рас» мәңгіліктің өлшемі дедік, бірақ болмыста өткінші жайлар да бар емес пе? Олардың барлығы да рас. Демек, «рас» дегенде біз оның мәңгілігін мойындай отырып, сонымен бірге оның өткіншілігін мойындамасқа болмайды. Сонда бүгінгі «Рас» болған нәрсе, ертең «рас емеске» айналуы мүмкін бе? Жоқ, рас емеске айналатын нағыз растың өзі емес, ол адамдардың «рас» пен «рас еместі» ажырата алмағандықтарынан туған, жалған нәрсені «рас» деп қателесулері. «Рас» әманда рас. Сондықтан Алланың ешқашан жалған болуы (рас емес болуы) мүмкін емес.
Сонымен жалған болмайтын «рас» не дегенге, Абай ол Алланың өзі және сөзі дейді. Бұл мәнде «рас» болмыстың баламасы. Әлемдегі «рас» - болмыс. Болмыс ешуақытта жалған болмақ емес. Абай дүниетанымында Алла - шындық. Демек, шындық рас болса, Алла да рас. Шындық дегеніміз, қарапайым тілмен айтсақ, өмір яғни өмірде бар екеніміз, істеген ісіміз, сөйлеген сөзіміз рас болса, онда Алланың да сөзі мен өзі рас. Қысқасы, шындықты мойындау, Алланы мойындау. Бұл Абай гуманизмінің көзі. Алла ісіне мойын ұсынып, мұсылман болудың Абай айтқан шарты - адамға адамшылық жасау.

«Алла ішімді айтқызбай біледі ойла,
Бендесіне қастықпен кінә қойма.
Распенен таласпа мұмин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма!..»

Үшінші жолдағы «Распенен таласпа...» деп отырғаны, ақынның Алла сөзіне күмәнданба дегені. Себебі, Алла жолына түссең, адам атыңды жоймайсын. Алла жолында болсаң, адамдықтан шықпайсын. Абай сонымен Алланы абсолют - шындық ретінде ұсынып, ал оның сөзін жеткізушілер, нәбилер туралы өзгеше пікірде. Алла жолы мен пайғамбар жолын нақтылы ажыратқан. Нәбилер келеді, кетеді, ал Алла - мәңгілік. Нәбилердің келіп-кетуінін себебін Абай өзгеріс арқылы түсіндірген. Өзгермейтін - бір Алла. Өзгеретін - оны танушылар, оның құдіретіне бас июшілер. Адасатын Алла емес, адамдар. Енді «Алланың сөзі де рас...» деген мәселеге нәбилерге қатысты тоқтала кетсек. Алла «еш жерде өзгермейтін» мәңгілік рас қалпында қалса, онда неге бірінен соң бірі нәбилер келмек. Ойлану керек. Өлеңнің бірінші, екінші жолдарында Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас» деп, шегелеп тастайды да, үшінші шумақта «Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді, Оларға кез-кезімен нәби келді» - дейді. Қайшылық бар ма? Әрине, бар. Бірақ, бұл сырт көзге түсер қайшылық. Мәселенің мәніне үңілсек, былай болып шықпақ. Алланың сөзі ешқашан өзгермек емес, бірақ замана өзгереді. Сол өзгерістерге сай «өлшемді сөзбен» кез-кезіне орай нәби келеді. Егер әр пайғамбар сөзі мәңгілік болса, ол нәби емес, Алла болғаны. Сонда қайшылық Алла сөзінде емес, оның сөзін жеткізуші нәбилер сөздерінде бар. Пайғамбар сөзі де шектеулі, өлшемсіз, шектеусіз тек Алла сөзі. Абайдың дінге реформа жасау қажеттілігін көре білгендігін, осы тұста мойындаған жен. Ислам дінінде иман келтіріп, мұсылман атану үшін Алланың, бір пайғамбардың хақтығын мойындау шарт. Абай бұл шартты бұзып отырған жоқ: «Алланың, пайғамбардың жолындамыз, Ынтамызды бұзбастық иманымыз»,- дейді. Бірақ, Абай дүниетанымда Алланың орны бір басқа, пайғамбар орны бір басқа. Ақын мәңгілік туралы, өмір мәні туралы сөз қозғағанда тарихта аты-есімі бар жеке адамдарды негізге алмайды. Ол мәңгілік ұғымдарды қолданады. Олар Алла мен Адам. Нәбилер де адамдар. Сондықтан Абай философиясында, әдеттегі Ислам дініндегідей, Алла - Расул - Адам болып келмейді, мұнда ортадағы буын жоқ. Абай Алла мен Адам туралы айтады. Бұл діндегі демократия. Адам дамуындағы кедергілерді жою. Алла шексіз, оны танымақ болсаң, өзіңді де шексіз дамыта бер, сонда адамдық атыңды жоймақ түгіл, кәміл мұсылман болғандығың. Абайдың осы ойлары ортодоксиялық ислам шеңберінен шығып жатыр. Ол Алланы танудан адамгершілік, ізгілік туралы ойлар айтқан. Абай ұғымында Алланы сүю адамның жеке басындағы асыл қасиеттерді қастерлеу, адамгершілікті негізгі қағидаға айналдыру, ал ол үшін ең алдымен өзіңді өзің тазалауың қажет. Алланы сүю ізгілікке байланысты жол. Өзің күнә арқалап тұрып Алланы сүйе алмайсың, алдымен күнәңнен арыл, өзіңді өзің ыластан аршы, одан әріде барып хақ жолына түс. Бұл жолға түссең, бойындағы қуатың, ақылың, сезімің өріс алмақ, санаң сәулеленбек. Алланың сүйікті құлы болуға Абай фаталистік мәнде емес, адамның бостандығы үшін шақырады. Адамның жеке басының бостандығы ол адамға тән қасиеттерді дамытқанда ғана болатынын ұлы ақын жақсы білген. «Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді...» деп Абай өзгерісті мойындаған. Дүние бір қалыпта тұрмайды, ол күнде өзгерді. Абай Алланың өзгермейтінін нақтылап, басын ашып айтқан. Сонда Алла туралы өлшем мен Адам туралы өлшемнің мәні екі басқа болғаны ма? Алла мен Адамға ортақ өзгеріс заңдылық бар ма, жоқ па, оны Абай айтқысы келмейді. Өмір мәні және болмысы туралы толғана келіп Абай: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті...»- дейді.
Алла - ислам дінінде қудай есімі. Алланы сүюге насихаттаушылар Абайға дейін де көп болған. Ақынның айтып отырғаны - сен Алланы адамзатты махаббатпен жаратқаны үшін сүй деп отыр. Демек, мәселе махаббатқа тірелген. Абай бұл тұста махаббатты Адамға емес Аллаға қатысты айтып отыр, Алла адамзатты махаббатпен жаратқан. Олай болса, махаббат Адамға дейін болған шындық. Демек, махаббаттың субъектісі - Алла. Ол Алланың құдыреті, қуаты, рухы. Бірақ, ол өзіне де танылмаған, сезілген тылсым, әзірше шындыққа айналмаған мүмкіндік. Махаббат Алланың қасиеті, сипаты ретінде шексіз, өлшеусіз шындық. Демек, ол туралы таным да шексіз. Махаббат мәңгі таусылмайтын тақырып. Абайдың «махаббатсыз дүние бос» дейтіні сондықтан. Жалпы өлеңде Абай діни ой-толғамнан Адамға қызмет ететін асыл қасиеттерді уағыздайтын үғым-түсініктерге ерекше тоқталып, жетіспеген жерлерін өз пікірімен толықтырған. Туынды 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Алғаш рет 1909 ж. С.Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында аздаған текстол. өзгерістер кездеседі. 1945 жылғы жинақта 1-шумақтың 4-жолы «Алланы танытуға сөз айырмас» болса, қалған ба¬сылымдарда «Алланы танытуға сөзі айырмас» делінген. 1909 жылғы жинақ пен Мүрсейіт қолжазбаларында 10-шумақтың 1- жолы «Адамдар ғибадаттан, сөз қозғаған», 11-шумақтың 4-жолы «Тә уилің білерлік, білімің шың» ретінде берілсе, басылымдар¬да бұл жолдар «Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған», «Тә уиліне жетерлік ғылымың шың» деп алынған. Өлең орыс тіліне аударылған.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9