Аккультурация

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Аккультурация (лат. adkultura - білім, даму) — қандай да бір халықтың мәдениеті жоғары дамыған басқа бір халықтың мәдениетін толық немесе жартылай қабылдауы нәтижесінде болатын мәдени өзара ықпалдасу. Аккультурация ассимиляция және этникалық бірегейлену мен тұтастану процестерінің әркелкілігіне қатысты қарастырылады. Аккультурация ұғымы алғаш рет Солтүстік Американың үндіс тайпаларындағы мәдени өзгерістерді зерттеген мәдени антропологияның американдық мектебінде XIX ғ. соңынан бастап қолданылды. Алғашқы тар мағынасында бұл ұғым үндіс тайпаларының ақ нәсілді американдықтардың мәдениетін біржақты қабылдап, ассимиляцияға ұшырауына байланысты пайдаланылды. XX ғ. 30 ж. Аккультурация ұғымы мәдени антропологиялық мектептің басты ұғымдарының біріне айналды. Аккультурация процестерін зерттеуде Линтонның 1940 ж. жарияланған «Американ үндістерінің жеті тайпасындағы аккультурация» еңбегінің үлкен теориялық маңызы болды.
[1]

Бұл еңбекте Аккультурацияның екі түрі аталады:

  1. әскери-саяси өктемдік жоқ жағдайындағы өзара қарым-қатынасқа түскен мәдениеттердің бір-бірінің құндылықтарын еркін қабылдауы;
  2. әскери немесе саяси басым топтың бағыныңқы мәдениетке өз құндылықтарын нысаналы және күшпен танытуы.

1950 жылы дейін Аккультурация процестерін зерттеу Батыстағы мәдениеттің басқаларына тигізген әсерлерін қарастырумен байланыстырылды. Басқалары батыстандыру аймағы болып табылады делінді. 1950-1960 жылдары бастап Аккультурация аумағы кеңірек қарастырылды. Батыстық емес мәдениеттердің өзара байланысы және олардың Аккультурациялық қуаты сараланып, испандандыру, жапондандыру, қытайландыру процестері ғылыми талдаудың пәніне айналды. Аккультурация тәсілдері күрделі қоғамдардағы урбанизация процесін зерттеуде пайдаланылды.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет. ISBN 9965-822-10-7
  2. Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3