Саба (ыдыс)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Саба бетінен бағытталды)
Навигацияға өту Іздеуге өту

Сабақымыз, шұбат ашыту, іркіт пісу үшін пайдаланылатын, мал терісінен тігілетін ыдыс. Саба тігетін терінің шел майы мен көк етін қырып тазалап, ағынды суға байлап шаң-тозаңынан арылтады. Содан кейін терінің жүнін қырып тақырлайды да, қайыңның не аршаның, сондай-ақ тобылғының түтініне ұстап, ыстайды. Ыс әбден сіңген соң теріні су сеуіп жібітіп, өңін ішіне қаратып, сабаға лайықтал пішеді. Саба пирамида пішінді, түп жағы төрт бұрышты, бүйірлері трапеция (түбі кең, мойын жағы тар) тәрізді болады. Оның мойнының кеңдігі піспек емін-еркін сиярлықтай етіп алынады да, саба мойнының бір бүйірінен үш бұрышты баулық шығарылады. Баулыққа жіптен ескен бау тағылып, ол керегенің басына байланады. Жақсы күтіліп, ысталған сабаның қымызы өте дәмді және жұғымды болады. Сабаның тігістері түйенің шуда жүнінен иірілген, мықты жіппен сырт жағынан жөрмеп тігіледі. Саба тігіліп болғаннан кейін оның ішіне құм не болмаса топырақ толтырып кереді. Әбден қалыпқа түсіп, кепкеннен кейін сабаның ішіндегі құмды не топырақты төгіп тастап, ішін тазартып жуады да, тағы бір дүркін түтінге ұстап, ыстайды. Одан соң сумен тазартыл шайқап тастап, сырты мен ішін қойдың құйрық майымен, не болмаса жылқының майымен жақсылан майлайды. Күннің көзіне қойып майын сіңіреді.

Сабаны пайдаланар алдында сиыр сүтімен тағы бір дүркін шайқайды. Сабаның түбі шіріп кетпеу үшін оның астына құрғақ төсеніш төсейді. Қымыз сабаның астына көбінесе жүк аяқ сияқты төрт сирақты ағаш тұғыр жасап қояды. Сабаның ішіне саумалмен ілесіп қыл-қыбыр, шөп-шалам түсіп кетпеу үшін оның аузына дәкеден не тор көзді металл тордан сүзгі салады. Сабаны пісерде оның бауын көтере байлайды да, пісіліп болған соң бауын босатып, мойнын байлаған жібін шешіп қояды. Бұл әрі тазалық үшін, әрі сабаның ішіндегі актың суып қалмауы үшін керек. Сабаның үлкен-кіші болуы оның ішіне құйылатын ақтың мөлшеріне байланысты болады. Жақсы ысталып, күтіммен ұстаған саба көп уақытқа шыдамды, Сабаның ішіндегі астың дәмі бұзылмауы және саба шіріп кетпеуі үшін оны айына кемінде бір рет босатыл, ішін жылы сумен шайқап жуып, күнге кептіріп отырады.[1]

Сабаның жасалынуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қымыз саба, торсық, көнектер әзірлеуге көп мінілмеген, тер сіңбеген, ауырмаған, арқасы жауыр болмаған, семіз жылқының терісі таңдап алынады. Ол қыс бойы от жағылатын асхананың (шошаланың) төбесіне кептіріліп, жаз шыға қайтадан жібітіледі де, кұрымға салынады.

Құрым дегеніміз — шошаланың төбесіне жиналған қара күйе, ыс. Саба, торсық жасайтын шеберлер қара күйені сыпырып алып қайнатады да, әрі ащы, әрі қышқылы мол, қою шай сияқты сұйық зат әзірлеп, теріні соған батырады. Ол құрымда 20—30 күн ұсталып, жүні, шелі, ет қалдықтары тазартылады. Осыдан кейін тері ширап, шымырланып және коныр-қошқыл түске енеді. Осындай әдіспен иленген тері шуда жіппен көктеліп, ішіне құм толтырып керіледі де, кептіріледі. Кебуі жеткен саба шерткенде сыңғырлап тұрады. Бұл саба жасау әдісінің бірінші сатысы. Ал, екінші сатысында әлгі кептірілген ыдыстар жылқының сүр етінің және қымыздың майымен сіндіре майланады. Майлаудың нәтижесінде сабаның тігістері кірігіп, бекіне түседі.

Саба жасау әдісінің үшінші сатысы оны ыстау. Бұл жауапты істі маман, әдетте жұртқа танымал болған, осы іске қабілеті бар адам ғана жүргізген. Өйткені тәжірибесіз, шалағай адамдардың өрт шығарып алуы, сабаны күйдіріп алуы немесе шала-шарпы ыстауы мүмкін. Ысты көбінесе үй іргесінен аулақ, шөп-шаламы жоқ, суы жақын өзен жағасында, құдық басына салады. Мысалы, жарқа-бақтан отын салатын оттық ойып алады да, оның төріне жалғастыра ұзын өңеш 15—20 метр, кеңдігі 50—60 см ор қазып, ішін жалын жетпестей етіп, кірпішпен астарлайды. Осы өңештің екінші басында құдықша етіп қазған ыс-ошағы болады. Оның беті темір тормен жабылып, әр жерінен арнаулы тесік қалдырып сыланады. Осы «ошақтың» үстіне балшықтан шошала қалайды немесе киіз күрке тігеді. Сонда ыс түтіні өңештен ошаққа келіп күркенін ішінде булығып, үнемі бықсып жататын болады. Ысқа жағылатын отын бүрі түспеген жас тобылғы мен қараған. Кейбір ысшылар сабаға, торсықка ерекше иіс беру үшін отынға аздап арша, кекпек, кұрғақ көк пішен қосып жағады.

Саба бөліктерінің атаулары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Саба бөліктерінің бұлқын, қарақұла, еміздік сияқты өзіндік атаулары бар:

  • Бұлқын - сабаны піскенде бүлкілдетіп, бұлқынып тұратын бүйірінен сәл жоғары бөлігінің атауы;
  • Қарақұла - саба үшін негізінен жүні, қылы түгел жидітілген тері пайдаланылған белгілі. Ондай жылқы жалын қырып тастағанның өзінде орны қарақұлаланып тұратындықтан қарақұла деп аталған.
  • Еміздігі - сабаның мойнындағы (аузы) бау тағатын басы және түп жағындағы төрт бұрыштарының түйіскен жері.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9
  2. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. 5-том. 115-бет. «Азия Арна» баспасы. Алматы, 2014