Мәуереннаһр

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Мәуереннахр бетінен бағытталды)
Навигацияға өту Іздеуге өту
Мәуереннаһр (Transoxiana),
Хорасан (Chorasа) оңтүстікте,
Хорезм (Choresmien) батысында.
Қытайлық «сан-цай»: Тан әулетіне (б.з. 618-907) соғдылық монах бейнеленген керамикалық мүсінше

Мәуереннаһр (араб.: ما وراء النهر‎ — Ma Wara' un-Nahr, дәлме-дәл — «өзен әр жағы»), немесе Трансоксиана (лат. Transoxiana) немесе Фараруд (парсы: فرارود‎; — Farārud) — Әмудария мен Сырдария өзендерінің аралығындағы жерлер.

«Мәуереннаһр» атауы 7-8 ғасырлардағы арабтардың Орталық Азияға жорықтарынан кейін пайда болды. Араб қолбасшысы Құтайба ибн Муслим 710 – 712 ж. Бұхара мен Самарқанды, 714 ж. Шаш (Ташкент) пен Фарабты (Отырар) алып, ислам дінін, араб тілін енгізді. IX-X ғасырларда Мәуереннаһр ирандық Самани әулеті (892 – 999) құрған мемлекет құрамында болды. X ғасырдың аяғынан бастап Қарахандар қолына түпкілікті көшіп, кейін мұнда Батыс Қарахан қағанаты құрылды. 12-ғасырда Хорезм шаһтарына бағынып, 13-ғасырда Моңғол империясының, 14-ғасырдың 70-жылдарынан бастап Әмір Темір мемлекетінің құрамында болды. 16-ғасырда Мұхаммед Шайбанидің Орта Азияға жорығынан кейін көшпелі өзбек мемлекетінің қол астына өтті. 16 ғасырдың аяғында қазақ ханы Тәуекел Әндіжанды, Ташкент пен Ферғананы басып алып, Мауереннаһрдың солтүстік бөлігін Қазақ хандығының құрамына қосты. 17-ғасырдың 2-жартысынан бастап мұнда Бұхара, Хиуа және Қоқан сияқты Орталық Азия хандықтары құрылды. Мәуереннаһрдың Самарқан, Бұхара, Хожант сияқты қалалары Орталық Азиядағы ірі сауда және мәдениет орталықтары болды. Мәуереннаһрдан ғылым мен мәдениетке үлкен үлес қосқан Әбу Әли ибн Сина, Бұхари, Рудаки, Ұлықбек, т.б. шықты.[1][2]

Қазір бұл жерлер Өзбекстан (соның ішінде Қарақалпақстан да), Қазақстан, Түрікменстан және Тәжікстанның жерлерінің бөліктеріне сәйкес.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Балалар Энциклопедиясы, 6 том.
  2. Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2